Жаңа үйге көшкенде қандай дұға оқылады?
Жаңа үйге көшкенде қандай дұға оқылады?
9 жыл бұрын 53528

Ассалаумағалейкум ! Анамның өтініші бойынша сұрап отырмын. Жаңа салынған үйге алғаш кіргенде немесе көшіп-қоңғанда оқитын арнайы дұға бар ма? Қандай дұға оқуға болады?

Уағалейкум әссәләм! Бұған қатысты «Сахих Мүслім» атты хадистер жинағында мынадай бір риуаят келтірілген. Хәулә бинт Хаким әс-Сүләмия есімді сахаба әйел Пайғамбарымыз Мұхаммедтің  (ғ.с.) былай дегенін жеткізеді:

«Кімде-кім, қандай да бір баспанаға қоңыстанарда мына бір дұғаны оқыса, сол үйден басқа жерге ауысқанша, оған ешнәрсенің зияны тимейді. (Ол дұға былайша):  «Әъузу бикәлимәәтиЛләһит тәәммәәти мин шарри мәә Халәқ»[1].

Дұғаның мағынасы: «Жаратылғандардың жамандығына қарсы Алланың толық әрі кемшіліксіз сөздерін қорған етемін».

Осы орайда мынаны да айта кеткен жөн. Намаз және құран оқылған үйге береке кіреді. Сондықтан да, бес уақыт намазды үзбей оқып, түрлі күнәлі істерден (арақ ішу т.б.) бойды аулақ ұстау ләзім. Отбасы нәпақасын адалдан табуға маңыз аудару керек. Шама-шарқынша жиі садақа беріп тұрған жақсы. 


[1] Сахих Муслим, Китабуд дуъа уәз зикр. №4887 хадис.

Абдусамат Қасым