Күйеуі ішіп келіп шақырса, әйелі бағынуы керек пе?
Күйеуі ішіп келіп шақырса, әйелі бағынуы керек пе?
6 жыл бұрын 12804

Ассаламуғалейкум! Сұрақ болып тұр. Әйелі намаз оқиды. Күйеуі кейде ішіп келеді екен. Сосын əйелімен қосылғысы келетін көрінеді. Әйел енді не істесем болады дейді?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Арақ ішу – Исламда ауыр күнә. Оған байланысты көптеген хадистерде қатаң ескертулер жасалған. Шарап ішушілерге шариғатта арнайы жаза да қарастырылады. Осының өзінен араққұмарлықтың қаншалықты күнә екендігін байқау қиын емес. Дегенмен, арақ ішкен мұсылман күнәһар мұсылман саналғанымен, кәпір болмайды. Сондықтан да, арақ ішкені себепті арадағы неке бұзылмайды. Әйтсе де, ыңғайы келгенде әйелі арақтың харамдығын жиі айтып, күнәсінің ауырлығын ескертіп отырғаны жөн. Насихаты үшін сауап бар.

Ал, ішіп келіп төсекке шақырғанда бағыну керек пе? – деген сауалға айтарымыз: егер, харам әрекеттерге итермелеп, зарары бар нәрселерді бұйыратындығынан қауіптенсе, немесе ондай күйде қатынас жасаудың медициналық тұрғыда залалы бары анықталса (кінәраты бар бала көтеру т.б.), бас тартуына құқылы.  

Осы тұрғыда «күйеуі арақ ішсе, әйелінің намазы не болмақ?» деп те сұрап жатады. Құранда әркімнің өз күнәсін өзі көтеретіндігі айтылған. Сондықтан, күйеуінің ондай харам іс істеуіне қарамастан әйелі намаз оқуын жалғастыра беруі керек. Намазы саналады. Намаз оқыған сайын күйеуі үшін Алладан хидаят сұрап, тура жолға түсуін тілегені жөн. Жүректерді құбылтушы Алла ерінің де жүрегін туралыққа бұрып қоярына сенімдімін. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне жасаған дұғалары қабыл.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

Абдусамат Қасым