Өгей қыз өгей әкесінің алдында да шариғат шәлісін тағуы керек пе?
Өгей қыз өгей әкесінің алдында да шариғат шәлісін тағуы керек пе?
7 жыл бұрын 9712

Әссәләмуғалейкум! Менің әйелімнің алдыңғы некеден бір қызы бар. Сол қыз, яғни, менің өгей қызым менің алдымда шариғат шәлісін тағуы керек пе? Және онымен оңаша қалуым күнә емес пе?

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Бойжеткен өгей қызыңыз да өз қызыңыз секілді сіздің алдыңызда хижапсыз жүруіне құқылы. Әрине, егер фитна туындайтындай қауіп болмаса.

Сондай-ақ, онымен оңаша қалудың да күнәсі жоқ.  

Құран Кәрімде үйленуге болмайтындарды тізіп айтқан аят бар. Сол аятта: «...жақындасқан әйелдеріңнің қолдарыңдағы (бұрынғы ерінен болған) өгей қыздарыңмен де некелесу харам етілді. Алайда, ол әйелдерге жақындаспаған болсаңдар, сендерге бір оқасы жоқ...», - делінген[1]. Яғни, өгей қыз өгей әкесіне өз қызындай өмірлікке «махрам» ретінде саналады. Алда-жалда қыздың анасымен ажырасып жатса, өгей қызымен ешқашан некеге тұра алмайды[2].

Жоғарыда «Фитна туындамаса...» деуімнің себебі, өгей әкесі азғындыққа бой алдырған, нәпсісіне берілген әрі әдеп нормаларынан құр алақан адам болса, онда ондай өгей әкенің алдында да хижаппен жүргені дұрыс.


[1] Ниса сүресі, 33 аят.
[2] Бұл - аятта айтылғандай, қыздың анасымен үйленіп, ерлі-зайыпты ретінде арада төсек қатынасы орын алған жағдайға қатысты.  

Абдусамат Қасым