Үнемі күйеуінің ұнатқан асын жасауы шарт па?
Үнемі күйеуінің ұнатқан асын жасауы шарт па?
8 жыл бұрын 5455

Әссәләмуғалейкум! Үйде тек ерінің қалаған тамағын жасау керек пе? Ерінің «палауға картошқа қосып істе» деген секілді талаптарына қарамай, анда-санда өзге ас жасауға бола ма? Өзіме жеке жасауға уақыт бола бермейді. Оның үстіне жеке-жеке тамақ жеген де дұрыс емес. А.

Уағалейкум әссәләм! Құрметті сауал жолдаушы, мұсылман әйел мүмкіндігінше ерінің көңілінен шығып, оны разы ету жағын ойлайды. Хадисте: «Күйеуі разы болған халде о дүниеге аттанған әйел пейішке кіреді», - делінген.

Мұсылман ер де өз кезегінде зайыбына «Алланың аманаты» ретінде қарап, оны құрметтеуі тиіс. Өйткені, дініміз құдай қосқан қосағына жақсы мәміле жасауды бұйырған.

Ендігі жерде, үнемі ерінің ұнатқан асын жасау шарт емес. Әрине, халық арасында «еркектің жүрегіне жол – асқазан арқылы» деген сөз бар. Бірақ, бұл - отағасының тек өзі ұнатқан тағам түрін жасатып, өзгелердің талғамымен санаспасын деген сөз емес. Отанасына өзінің ас мәзірі бойынша тамақ жасауына рұқсат бергені дұрыс. Алда-жалда ұнамайтын тағам түрі әзірленген жағдайда мін тақпастан, түсіністік танытуы тиіс. Пайғамбар әдебі - осы. «Сахих Муслим» атты хадистер жинағында келтірілген риуаятта, сахаба Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.у) ешқашан асқа мін таққан емес. Алдына қойған асты ұнатып тәбеті тартса, жейтін, ал зауқы соқпаса, жемей қоясалатын»[1] . 


[1] Сахих Муслим - №2064 хадис.

Абдусамат Қасым