Әйеліме «ажырасамын» деп айтқан болсам, оным «талақ» үкімін тудыра ма?
Әйеліме «ажырасамын» деп айтқан болсам, оным «талақ» үкімін тудыра ма?
2 жыл бұрын 3345

Әссәләмуғалейкум! Мен намаз оқымай тұрған кезімде, әйеліммен ұрысып қалғанда «ажырасамын» деп ашудың бетімен үш реттер артық айтқан болсам, неке сақтала ма? Үш баламыз бар. Маған әйелім халал ма? Анон.

 Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Шариғатта некені бұзатын сөздер екі түрлі болып келеді:

  1. Ашық талақ сөздері. Бұл категорияға кіретін сөз «талақ» сөзі. Және де әр елдің ана тіліндегі «талақ» мағынасына келетін сөздерді де осы топқа кіргізсек болады1. Ашық талақ сөздерін айтқан кісінің ниеті қаралмайды.
  2. Ауыспалы мағыналы талақ сөздері (әл-киная) . «Ажырасу» мағынасында да, өзге мағынада да қолданылуы мүмкін сөздер осы топқа жатады2. Мысалы «үйіңе кет», «көргім келмейді», «киіміңді жина», "иддетіңді күт" т.б. Мұндай сөздерді айтқан адамның ниеті қарастырылады.

Қазақ тілінде некені бұзу сөзі үшін «ажырасу» сөзі қолданылып жататындықтан, ол сөзді де «ашық талақ сөздері» қатарына жатқызсақ қателеспеспіз. Олай болған жағдайда, әйеліне «сенімен ажырастым» деп кесіп айтқан сөзі бір талақ орнына жүріп, ниеті қарастырылмайды. 

Дегенмен, сіздің сұрағыңыздағы «ажырасамыз» немесе «ажырасамын» деп, келер шақта айтылған сөз нақты емес, тек уәде түрінде немесе алдын ала хабарлау мақсатында айтылғандықтан, сіздікі талақ болып есептелмейді. Өйткені ереже бойынша, келершақпен айтылған талақ сөзі - «талақ» үкімін тудырмайды.

Ал, мысалы: «Ажырастық болды» немесе «Сенімен ажырастым» деп өткен шақта айтылған болса, сонда барып ол «талақ» үкімін тудырады, онда да, егер, бұрын талақ сөздерін айтпаған болса, онысы «бір талақ» үкімінде болып, үш хайыз уақыты өткенге дейін неке сақталады, сол аралықта татуласуларына болады.

Ендеше, әйеліңізбен ұрыс кезінде «ажырасамыз» деп айтуыңыз - құр уәде немесе болашаққа қарасты айтылған сөз болғандықтан, нақтылықты білдірмейді, сондықтан да, талақ үкімін тудырмайды, некелеріңіз сақталған. Алла баяндылық берсін!

Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


1 Имам әл-Кәсәни, «әл-Бәдәиъус Санаиъу» - «Китабут Талақ» - 4/225 бет.
2  Имам әл-Кәсәни, «әл-Бәдәиъус Санаиъу» - «Китабут Талақ» - 4/225 бет.

 

Абдусамат Қасым