Ажырасқаннан кейін мәһр берілуі тиіс пе?
Ажырасқаннан кейін мәһр берілуі тиіс пе?
8 жыл бұрын 7461

Менің жан құрбым бір жігітпен некелесті. Бірақ, көп ұзамай онымен айырылысып жатыр. Жігіттен әлі «мәһр» алмады. Соны алса бола ма? Айнұр.

Құрметті сауал жолдаушы, шариғат талаптарына сай қиылған некеден кейін ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда (яғни, талақ айтылып, неке бұзылған жағдайда): егер арада төсек қатынасы жүзеге асқан болса, немесе қатынас жүзеге аспағанымен «хүлуәтус сахиха» туындаған болса, некелесу барысында келісілген мәһр толықтай беріледі. Ал, олай болмаған жағдайда, айтылған «мәһрдің» жарымы беріледі[1].

Құран Кәрімде былай делінген: «Оларға белгілі мәһрдің берілуіне (неке қию барысында) келіскеннен кейін, жақындаспай жатып оларды талақ етсеңдер, онда, тоқтасқан мәһірдің жарымы беріледі...»[2].

Хүлуәтус сахиха дегеніміз, екеуі оңаша, бөлек бір жерде ешқандай кедергісіз қалуды айтады. (Кедергілер ретінде мыналарды айтсақ болады: Рамазан оразасына аузы берік болу, хайыз кезеңіне тура келуі, қастарында үшінші біреудің отыруы, сырқаттық, еркін сезінуге мұрша бермейтін орын т.б.).


[1] Имам Маусули: Ихтияр - 3/126 бет.; Абдулғани әл-Мәйдәни: Лүбәб - 2/149 бет.
[2] Бақара сүресі, 236 аят. 

Абдусамат Қасым