Ерлі-зайыптылар үш ай қатынасқа түспесе, некелері бұзыла ма?
Ерлі-зайыптылар үш ай қатынасқа түспесе, некелері бұзыла ма?
6 жыл бұрын 16550

Әссәләмуғалейкум! Ерлі-зайыптылар үш айдан аса бір төсекте жатпаса және жыныстық қатынасқа түспесе, некелері бұзыла ма?   

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Үш ай жарымен төсектес болмаса, некелері бұзылмайды. Бірақ, ерінің себепсіз ұзақ мерзім бойы әйеліне жақындамай жүруі немесе күйеуі төсекке шақырғанда әйелі себепсіз бас тартуы күнә саналады[1].

Некені қашан бұзылды деуге болады? Егер, ері әйеліне, мәселен: «уәллаһи, мен сенімен жақындаспаймын» деп ант етіп, төрт ай бойы жақындаспаса, төрт айдан кейін некелері бұзылады. Мұндай талақ түрін шариғатта «Иләә» дейді. "Иләәнің" нəтижесінде бір байын талақ үкімі туады. Қайта жарасулары үшін неке жаңартулары керек. Әйтсе де, "жақындаспаймын" деп ант ішкен ері төрт ай ішінде жақындасып қойса, антын бұзған болып ант кәффаратын өтейді[2]. Талақ үкімі туындамайды.   

«Иләә» жайында Құран Кәрімде былай делінген:

«Әйеліне жақындаспауға ант еткендер, төрт ай күтеді. (Егер төрт ай ішінде кәппарат төлеп) анттарын бұзса, шәксіз Алла (Т.) аса жарылқаушы, ерекше мейірімді. Егер олар талақ ниет етсе, расында Алла - әр нәрсені естуші, білуші (яғни, төрт айға дейін антын бұзбаса, талақ болады)». 

Бақара сүресі, 226 аят.


[1] Сахих Мүслим: «Егер ері әйелін төсегіне шақырғанда, бас тартса және сол себепті ері ашулы күйі жатса, періштелер таң атқанға шейін ол әйелге лағынет айтады». (Хадис сахаба Әбу Һурайрадан жеткен).
[2] Құран, Маида сүресі, 89 аят: «(Ант бұзсаңдар.) Оның төлеуі: үй-іштеріңе жегізетін орта есеппен он міскінді тамақтандыру, не оларды киіндіру, немесе бір құл азат ету. Мұны таппаған кісі үш күн ораза ұстауы (үзбей). (Бұзған) анттарыңның жазасы осы...».

Абдусамат Қасым