Күйеуім талақ айта береді, не істейін, ажырасайын ба?
Күйеуім талақ айта береді, не істейін, ажырасайын ба?
3 жыл бұрын 6004

Ассәләмуғалейкум! Күйеуі әйелін бір нәрседен қайтарам деп, талақ айта береді екен. Қорқытып айтқандықтан талақ түспейді дейтін ұқсайды. Егер айелі некесіне күмәнданып тұрса, күйеуінен ажыратуға бола ма? Әйелі жарасқым жоқ десе бола ма? (Сауал ықшамдап алынды).

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, алдымен мына нәрсені айта кетелік: Ислам шариғатында талақ айта беру күнә саналады. Мысалы, Ханафи мәзхабында талақ айту, тек, зәрулік туған жағдайларда ғана рұқсат амал және ол соңғы шешім ретінде қаралу керек. Оған дейін, мәселені оңды шешуге тырысқан абзал делінген. Өйткені бір хадисте Алла елшісі былай дейді: «Рұқсат амалдардың ішіндегі Аллаға ең сүйкімсізі, ол – талақ». Сол себепті, күйеуі сонша талақ айта бергені үшін тәубеге келіп, Алладан кешірім тілеуі тиіс. Өйткені беталды талақ айту арқылы күнә жасаған болып отыр.

Енді сауалыңызға келер болсақ. Әйелін әлдебір істен тыю мақсатында немесе әлдебір істі істету мақсатында талақ айтқан болса, онысы төрт мәзхабта да талақ саналады. Ниетінің тек қорқыту болуы - төрт мәзхабта да негізге алынбайды. Оның үстіне Хадисте: "үш нәрсенің қалжыны да шын, шыны да шын" делінеді. Ол үш нәрсе: Талақ, неке және рижғи талақтан кейін «сені қайтардым» деуі».

Десе де, кейбір ілім адамдары арасында : ниеті талақ ету емес, тек әйелін бір істен тыю болса, не бір нәрсені істету мақсатында айтқан болса, ниетіне қарай онысы талақ ретінде есептелмейді дегендер де болған. Олардың тұжырымы бойынша, онысы анттың үкімін алады[1]. Яғни, бұл дегеніміз, егер әйелі дегенінен қайтпаса, күйеуі ант кәффәрәтын өтейді деген сөз, бірақ ниеті талақ ету болмағандықтан, талақ түспейді. «Бұл тұжырымда адамдар үшін жеңілдік пен рақымдылық бар. Және бұл - талақты ауызбен көп айтатын, бірақ ниетінде талақтың жүзеге асқанын қаламайтын кейбір адамдарға қолдануға болады» дейді фиқһ білгірі мархұм Уаһбату Зуһайли[2].

Ендеше, сауалдағы әйел кісінің күйеуі діннен хабары аз болып, талақтың маңыздылығын толық түсінбейтіндерден болса (сауалыңызға қарағанда күйеуі талақтың мән-мағынасы мен жауапкершілігін толық түсінбейтін кісіге ұқсайды), олай болған жағдайда, оның ниетіне қарай үкімін байлауға болады. Яғни, ниеті талақ ету емес, қорқыту және әлдебір істен тыю ғана болған болса, ол жағдайда, бұдан былай талақпен қорқытуын доғару шартымен, екінші топ ғалымдардың тұжырымы негізінде - қорқыту үшін ғана айтқан талағы талақ саналмайды деген пікірдеміз, Аллаһу аъләм! Оның орнына, ол - ант кәффәратын өтейді. 

Ант кәффәраты - он міскінді тамақтандыру немесе киіндіру, яки бір құл азат ету. Бұл - ауқатты адамдардың кәффәраты. Ал, бұған шамасы келмейтін, жағдайы төмен кісілер - үш күн қатарынан ораза ұстауы тиіс.

Және де, келесіде жауапкершілікті сезініп, төрт мәзхабта олай етудің талақ үкімін тудыратындығын қаперден шығармауы ләзім. 

Осы тұрғыда, қазақта «еркек – бас, әйел – мойын» деген өнегелі сөз бар. Әйелі де, өз кезегінде күйеуін талақ айтатындай күйге жеткізбей, оған бағынып, баянды отбасы құруды көздегендері жөн. Өйткені, бір хадисте: «Күйеуі разы болған күйде о дүниеге аттанған әйел пейішке кіреді» - делінген.

Алла отбасыларыңызға береке жаудырсын! 


[1] Уаһбату Зуһайли: «әл-Фиқһуль Исләми уә әдилләтуһу». 9/6971 бет.
[2] Уаһбату Зуһайли: «Фәтәуә Муъасыра». 182 бет.

Абдусамат Қасым