Дәрігердің науқастардың берген сыйлығын алуы діни тұрғыда дұрыс па?
Дәрігердің науқастардың берген сыйлығын алуы діни тұрғыда дұрыс па?
2 жыл бұрын 2799

Сәлеметсіз бе! Қояр сауалым пара жайында. Егер хирург бір дәрігер, мемлекеттен айлық алады, егер операция жасатқан науқас, көмегіңіз үшін деп сыйлық жасаса, ол пара есебінде бола ма? Дінде алғыс пен параның айырмашылығын айтсаңыздар! Алла разы болсын. Анон.

Сәлеметсіз бе!

Сыйлық пен параның айырмашылығын қарапайын тілмен айтсақ: Пара – әлдебір істе (не мәселені шешуде) жәрдем беру шартымен берілетін дүние. Сыйлық  - ешқандай шартқа байланбаған және алдын-ала келісілмеген дүние[1]. Сонда мысалы, дәрігердің жасаған ісіне ризашылығын танытқан науқас, егер артынан алдын-ала келісілмеген түрде сыйлық беріп жатса, онысы пара есебінде емес деуге болады[2]. Бірақ, мұның басқа бір қыры бар. Дәрігер - мемлекеттен айлық алып отырған мемлекет қызметкері болғандықтан науқастардан сыйлық алуы - діни тұрғыда құпталмайтын іс саналады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің хадисінің бірінде: «هَدَايَا الْعُمَّالِ غُلُولٌ» - «Қызметкерлердің алған сыйлықтары – ұрлықы саналады»[3], - деген. Бұндағы «қызметкерлер» сөзі – мемлекет қызметкерлерін білдіреді. Сондықтан да, дін ғалымдарының бір сыпырасы мемлекеттен айлық алып отырған қоғамдық қызметкердің өзінің қызметіне қатысты сыйлық алуы дінге қайшы деген тоқтам жасаған[4].

Бұл уәжді Ханафи ғұламаларының белді мүшесі Ибн Кәмәлдің мына сөзі де қуаттай түседі:

«Мұсылмандардың ісін атқарушылардың сыйлық алу мәселесіндегі үкімдері – қазының сыйлық алу мәселесіндегі үкімімен пара-пар» - деген. Шариғат бойынша, қазылық міндетін атқарушы маманға сыйлық алуға болмайды.  

Ханафи ғалымы Ибн Абидин өзінің еңбегінде былай деп өткен:

«Қазылар тек төрт адамнан ғана сыйлық ала алады: Патшадан, әкімнен, жақын туысынан және сыйлық тарату әдеттегі ісі саналатын қастығы жоқ кісіден (досынан). Қалған (басқа саладағы) қызметкерлердің үкімі де қазының үкіміндей» - дейді ғалым[5].

Ендеше, мемлекеттен белгілі айлық алып отырған қызметкер халықтан сыйлық алмауы тиіс. Алған жағдайда онысын иесіне қайтарып беруі керек немесе мұқтаж жанға садақа етіп беріп жібергені абзал. Келесіде барынша сыйлық алмауға тырысқаны жөн. Сыйлық алмау еліміздің заңында да көрсетілген. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Ибн Нүжәм: «Бахрур раиқ». 9\471 бет.
[2] Ибн Нүжәм: «Бахрур раиқ». 9\471 бет.
[3] Имам Ахмед: Мүснәд;
[4] «Әл-Мәусуъатуль Фиқһиятуль Кувайтия», «Һәдия». Харфуль «Һә».
[5] Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр».

Абдусамат Қасым