ЭКО мәселесі: Досым донор болшы дейді, шариғатта үкімі қалай?
ЭКО мәселесі: Досым донор болшы дейді, шариғатта үкімі қалай?
3 ай бұрын 2023

Ассаламуғалейкум! Досым бар, өкінішке орай, бала сүйе алмай жүр үйленгелі. Кінә өзінен денсаулығына байланысты. Әйелі сау. Енді менен өтініп сұрап жүр, донор болшы деп, яғни, Астана қаласындағы ЭКО центр арқылы менің ұрығымды әйелінің жатырына орналастырғысы келіп жүр. Сол дұрыс па? Осы сұрақ мені мазалап жүр. Анон.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ұрық донорлығы деп, әлдебір ер кісінің жалғыз басты әйелге немесе өздігінен баланы дүниеге алып келуге қабілетсіз ерлі-зайыптыларға жыныс жасушалары (генетикалық ақпарат) бар тұқымдық сұйықтығын беруді айтады.

Шариғат заңы бойынша, жасанды ұрықтандыру ісінде тек некелі жарының ұрығын ғана пайдалануға рұқсат, ал бөтен еркектің аталық жыныс жасушасын немесе бөтен әйелдің аналық жыныс жасушасын қолдануға жол жоқ. Зина ісіне теңеледі.

Сондықтан да, мұсылман кісінің ұрық доноры болуы шариғат заңына қайшы тірлік. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұған қатысты тұспалдап: «Аллаға және ахірет күніне сенетін адам өзінің суымен өзгенің көшетін суғармасын...»- деген1. Мұндағы «су..» сөзі – шәуәтті білдіреді. (Әбу Дәуід, "Сүнән". №2158 хадис).

Ең дұрысы – Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль әләмин! 


 

Абдусамат Қасым