Мәсінің сыртынан киілген шұлыққа мәсих тартуға бола ма?
Мәсінің сыртынан киілген шұлыққа мәсих тартуға бола ма?
7 жыл бұрын 10017

Әссәләмуғалейкум! Сұрагым бар едi. Кей кезде жұмысыма байланысты мәсінің үстінен шұлық киемін. Мәсінің үстінен мәсі киетін жағдайлар да жиі болып тұрады. Сондай жағдайларда әлгі үстінен киген мәсіге мәсих тартқаным дұрыс па? Сол жайлы дұрыс жолын айтып берсеңіз! 

Уағалейкумәссәәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, негізінен алғанда мәсінің сыртынан киілген әдеттегі шұлыққа мәсих тартылмайды. Дегенмен де, үстінен сулы қолмен сүрткен кезде ең кемі үш саусақтың ұзындығындай дымқылдық мәсіге өтер болса, ол да мәсих тартқанға есептеледі. Олай болмаса, шұлықты шешіп, мәсінің өзіне тарту керек.

Ал, енді, мәсі сыртынан киілген мәсінің жағдайына келер болсақ, мұнда да ескеретін жәйіт жоқ емес. Атап айтсақ, мәсі сыртынан киілген мәсіге мәсих тарта алу үшін:

Біріншіден, ол – мәсих тартуға жарамды күйде болуы тиіс.

Екіншіден, аяқтағы мәсіге мәсих тартылмай тұрып киілген болуы шарт. Егер де, ол мәсі аяқтағы мәсіге мәсих тартылып қойылғаннан кейін киілсе, немесе мәсі киерде алынған дәрет бұзылғаннан соң мәсінің сыртынан киілген болса, мәсі сыртындағы мәсіге мәсих тартылмайды[1].           


[1] Хашияту ибн Ғабидин – 2/195 бет. 

Абдусамат Қасым