Түркиядан шыққан «Eshel Mest» маркалы шұлығына (носки) мәсіх тартуға бола ма? (Видео)
Түркиядан шыққан «Eshel Mest» маркалы шұлығына (носки) мәсіх тартуға бола ма? (Видео)
8 жыл бұрын 31199

Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Соңғы кезде «Eshel» маркалы шұлықтарын киіп, сыртынан мәсіх тартып жүргендер бар. ҚМДБ-дан бұл шұлыққа рұқсат бар ма? Алдын ала рахмет!

Әлібек

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Құрметті Әлібек, аталмыш шұлыққа қатысты сұрақ біздің хат қоржынымызға жиі келетіндіктен жария түрде жауап беруді жөн көрдік.

Алдымен мынаны біліуіміз керек, Ханафи мәзһабында мәсіх тартылатын шұлық мына талаптарға сай болуы тиіс:

  1. Он екі мың қадам жүруге шыдас беретіндей қалың (4-5 км);
  2. Аяққа кигенде ештеңенің көмегінсіз, байлаусыз өздігінен бекем киіліп тұратындай (Бұл - шұлықтың қалың екендігінің белгісі болмақ);  
  3. Астыңғы жағы көрінердей және дымқылдықты өткізетіндей жұқа болмауы ләзім[1].

Сіз сұрап отырған «Eshel Mest» маркалы шұлық-мәсі Түркия елінде өндірілген өнім болып табылады. Өндірушілердің айтуларына қарағанда, Eshel Mest шұлығы – терлетпейтін және ауа өткізіп, бірақ, су өткізбейтін үш қабат материалдан тұрады: «сoolmax», «polyamid» және «созылмалы қабыршық» материалы. 

Ал, енді, «Eshel Mest шұлығына Ханафи мәзһабы бойынша, мәсіх тартуға бола ма, жоқ па?» деген сұраққа сол елдің ғалымдарының берген жауаптарына назар аударалық: 

Проф.Доктор Хайреддин Караман
Өнімді шығарушы фабриканың түсіндірмелеріне қарап, әрі «Eshel Mest» шұлығына арнайы өзімнің жеке жүргізген сараптамамның нәтижесінде мынадай қорытындыға келдім: аталмыш шұлықтарға Ханафи мәзһабы бойынша да мәсіх тарта беруге болады. 

 Ахмед Шахин
Мәсіх тартуға жарамды деуіміз үшін мына екі шарт болуы тиіс: Біріншісі, аяқта өздігінен (байлаусыз) киіліп тұратындай қалың болуы тиіс. Екіншісі, үстіне мәсіх тартқан кезде дымқылдықты астына өткізбейтіндей тығыз тоқылған болуы шарт. Осы тұрғыдан қарағанда, «Eshel Mest» шұлығы қос шарттың екеуіне де сай. Сондықтан да, оған мәсіх тартуға болады».

Мехмет Паксу 
"Сенім және ғибадат ғылымхалы" атты кітабымның мәсіге қатысты бөлімінде:  «Шұлық тектестерге мәсіх тартылады деуіміз үшін, 12 мың қадамға немесе одан да көп жүріске жыртылмай, шыдас беретіндей төзімді болуы тиіс. Осы өлшемге сай келмейтін шұлықтар мәсіх тартуға жарамсыз»,-  деп айтқан едім. Осыған орай, «Eshel Mest» өнімін өндірушілерден: «Бұл шұлық 12 мың қадам жүруге төзе ме? - деп сұрағанымда олар - одан да көп қадам жүруге шыдайды», - деді. Олардың жауаптарына қарап, бұл өнімді әдеттегі мәсі ретінде қолдануға болады деген анықтама жасадым.

 

 Нуреддин Илдыз
«Eshel Mest» шұлығының мен көрген үлгісіне мәсіх тартуға рұқсат деген ойдамын.

 
Қорытынды: 
Демек, жоғарыдағы дін ғалымдарының айтқан сөздеріне қарағанда, арнайы мәсіх тарту үшін шығарылған «Eshel Mest» маркалы шұлық мәсіх тартуға болады. Ең дұрысы - Аллаға аян!
 
Төмендегі видеода аталмыш шұлықтың жоғарыда тізіп өткен шарттарға қаншалықты сай екендігін сынап көрсетеді (түрік тілінде)


[1] Ибн Ғабидин, Раддул Мухтар.




Абдусамат Қасым