Үзір иесі дәретті қашан алады?
Үзір иесі дәретті қашан алады?
3 жыл бұрын 6238

Ассаляму алейкум! Үзірлі адам дәретті уақыт кірісімен ғана алуы керек пе, одан кейін алуына бола ма? Ф.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Үзір иесі дәретті келесі намаз уақыты кіргеннен кейін алуы керек (бесін мен жұма намазына уақыты кірмей алса болады). Өйткені, үзірлі кісінің алған дәреті намаз уақытының шығуымен бұзылады. Бұл дегеніміз, келесі намаздың уақыты кіргеннен соң, ол намазды оқу үшін дәрет алу керек деген сөз. Дәретті уақыт кіргеннен кейін, әдеттегідей намаз оқитын сәтте алсаңыз да болады, егер оған дейін басқа құлшылық жасамасаңыз.

Үзір иесі деп кімдерді айтамыз?

Дәрет бұзатын әлдебір жағдайдың, бір намаз уақыты бойы жалғасып тұруын үзір дейміз (аз-маз үзілістер үкімді өзгертпейді). Ал, ондай жағдайға тап болған мұсылман «Үзір иесі» деп аталады. Ханафи кітаптарында бұл жағдай былай деп түсіндірілген: «Бір кісі «Үзір иесі» саналуы үшін, үзірі – дәрет пен намаз оқуға кететін уақыт мөлшеріндей тоқтамастан, толық бір намаз уақыт бойы жалғасқан болуы керек». ( Имдәд).

Үзір иесі әр намаз уақыты кіргенде, дәретін жаңалауы тиіс. Бұған дәлел ретінде – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына бір хадис шәрифін келтіруге болады:

«Истихиза қаны келген әйел – әр намаз уақытында дәрет алады»[1].

Аталмыш хадисте, Алла елшісі (с.а.у.) үзірдің бірі саналатын «истихаза» жағдайына тап болған әйелдің әр намаз уақытында дәрет алуын бұйырған. Осыған салыстыра отырып, өзге де үзір жағдайларында әр уақтылы намаз үшін дәрет жаңалап тұру керек екендігін ұғынамыз.


[1] Имам Тахауи: Маъаниль Әсәр; Имам Зайлаъи: «Насбур риуая»: Ибн Мәжә: Сүнән.

Абдусамат Қасым