Зәр шығару үшін «катетер» тағылған сырқат адам намазын оқи ма?
Зәр шығару үшін «катетер» тағылған сырқат адам намазын оқи ма?
10 ай бұрын 1887

Сәлеметсіздер ме? Мен опперациядан шыққан едім. Катетермен жүрмін. Намазымды жалғастыра берсем бола ма?

Сәлеметсіз бе!

Катетер деген - қуықтан зәр шығару үшін пайдаланылатын резеңке түтік. Мұндай құрылғы тағылған сырқат кісінің халі – зәрі тоқтамайтын үзірлі кісінің халіне ұқсас. Сондықтан да, ол кісі намазын «үзір иесі» ретінде оқиды. Яғни, әр уақтылы намаз үшін дәретін жаңартып отыруы тиіс. Оның бір уақтылы намазға алған дәреті келесі намазға жарамайды. Егеряки, сумен дәрет алу зиян болса, таяммум соғады. Және де, мүмкіндігінше әр намаз уақытында зәр қабылдағыш пәкетті зәрден арылтып, тазалап барып оқығаны абзал. 

Намазды тұрып оқуға жағдайы келмеген кісінің отырып оқуына болады. Отырып оқуға шамасы келмейтін науқас төсегінде жатқан күйі оқиды. Ол үшін аяғы құбылаға қарата жатады (аяқты сәл бүгінкірейді). Басына не арқасына жастық қойып, басымен ишара жасап оқиды[1]. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


[1] Мулла Алиуюль Қари: «Бәбу Фәтхиль Ъиная». 1/372 бет.

Абдусамат Қасым