Адамның намазды қойып кетуіне не нәрселер себеп?
Адамның намазды қойып кетуіне не нәрселер себеп?
2 жыл бұрын 6905

Ассаләмуғалейкум! Адамның намазды қойып кетуіне не нәрселер себеп? Оқығысы келеді, бірақ оқи алмайды. Бастап көреді, келістірмейді. Содан тағы қойып кетеді. Тимур.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Адамның намазды қойып кетуінің басты үш себебі бар:

1) Ғапылдық дерті. Жаратушысын ұмыту және мәңгі өмір сүрердей өлімді, ақыретті еске алмау. Бір сөзбен айтқанда: Ғапылдық - ақыреттік бейғамдық деген сөз. Мұсылман өлімді, ақыретті ұмытқан кезде намаздан алыстай бастайды. Сондықтан да, өлімді жиі еске алып тұру керек: Ертеңгі күні өліп кетсем жағдайым не болады? Қараңғы қабірде «неге намаз оқымадың», деп азапталар болсам не істемекпін? – деген сияқты сауалдарды жиі өз-өзіне қойып тұру керек. «Өлім – алған демді қайта шығара алмайтындай және шығарған демді қайта ала алмайтындай өте жақын» деп ескертеді дініміз.

2) Дүниеге деген махаббат. Жүрекке ақшаға деген махаббат кірсе де адам баласы намаздан суый бастайды. Есіл-дерті ақша болғанның намазды ойлауға уақыты жоқ. Сол себепті, ескілікті ғалымдарымыз: «Ақша жүректе емес, қалтада болуы керек» деп өсиет еткен.

3) Мақсат пен ниеттің бұрыстығы. Намазды оқудағы мақсаты дұрыс болмаған адамның да намазды қойып кетуі жылдам болады. Тарқатып айтқанда, егер намазды - осы дүниеде пәле-жаладан сақтасын, ризық-несібем артсын, жолым болсын деген дүниелік мақсатта ғана оқыса, ол кісі бірінші жол болмаушылықтан кейін-ақ намазын тастап кетуі мүмкін. Намаз не үшін оқылады? Намаз, ең әуелі Құдай ризалығы үшін оқылады. Екінші – Құдайдың парызын орындау үшін оқиды. Үшінші – ақыретте Алланың қаһарына ұшырамайын, тозаққа түсіп қалмайын деп оқиды. Төртінші – намаздың сауабы болсын, пейішке кіруіме себеп болады деп оқиды. Яғни, намаз оқудағы мақсаты – көбіне ақыретпен байланысты болғаны жөн. Сонда, намазында береке болады. Әрине, осы дүниеде де Алланың назарында болайын, Алла дұрыс жолға бастасын, түрлі жамандықтардан аман болайын, Алланың панасында болайын деген ниет те қате емес. Алайда, басты ниет - Құдай ризалығы болуы керек.

Жоғарыда айтылғандарға қосымша айтар кеңесіміз:

1) Жиі уағыз тыңдап тұрған жөн.

2) Мағынасыз музыкалар мен әндерді тыңдауды қысқарту керек.

3) Мағынасыз, еш пайдасы жоқ фильмдерді көруді қысқарту керек.

4) Күніне бір пәс кітап оқып тұру.

5) Намаз оқитын жолдастармен араласу.

6) Бос күлкіні, бос әңгімелерді қысқарту.  

7) Жиі мешітке барып, намазды жамағатпен оқып тұру.

8) Күніне бір пәс истиғфар айтып тәспі тарту.

9) Мешіттердегі уағыздарға, ілім мәжілістеріне, діни конференцияларға қатысып тұру.

Әлхамдулилләһи раббиль аләмин.

  

Абдусамат Қасым