«Ашура» күні оқитын 4 рәкәғаттық намаз бар дейді. Сол рас па?...
«Ашура» күні оқитын 4 рәкәғаттық намаз бар дейді. Сол рас па?...
6 жыл бұрын 9594

Сәлеметсіз бе!!! Ашура күні 4 рәкағат намаз оқу керек дейді. Әр рәкағатында 1 Фатиха, 50 ықылас сүресі оқылады екен. Дінімізге сай ма, әлде ойлап тапқан ба? Рахмет. Сізден Алла тағала разы болсын!

Сәлеметсіз бе!

Ашура күнгі нәпіл оразадан бөлек, арнайы сол күні оқылатын намаз түрлері жайында "тасаууф" кітаптарында (сопылық кітаптарда) келтірілетіндігі рас. Төрт рәкәғаттық, жүз рәкәғаттық намаздар жайлы сөз етіледі. Алайда, бұл намаздардың ешқайсысының негізі жоқ дейді хадис ғалымдары. Ол күні оқылатын арнайы намаз тұрғысында не хадистерде, не сахаба сөздерінде айтылмаған.

Ханафи ғұламасы, хадис білгірі әрі фиқһ маманы Имам Ләкнәуи былай дейді:

«Менен кейбір адамдар Ашура күнінің намазы жайында,оның оқылуы мен рәкәғат саны жайында және оған берілетін сауабы жайында сұрады. Мен оларға: «Сенімді риуаяттарда аталмыш күні оқылатын белгілі намаз жайында және оның рәкәғат саны мен оқылуы жайында сөз етілмеген. Оған қатысты айтылғандардың бәрі дерлігі ойдан шығарылған жасанды хадистер. Онымен амал етуге болмайды...» деп жауап бердім»[1].


[1] Имам Ләкнәуи: «әл-Әсәруль Марфуға филь Ахбариль Мәудуға». 8 бет.

Абдусамат Қасым