Екі құтпаның ортасында отырып дұға жасау бидғат деп жүргендер бар. Осы қаншалықты рас?
Екі құтпаның ортасында отырып дұға жасау бидғат деп жүргендер бар. Осы қаншалықты рас?
13 күн бұрын 1742

Ассаламуғалейкүм, ұстаз! Жұма намазында, құтбаның ортасында имаммның отырып дұға жасауы, дінде жоқ, бидғат деп жүргендер бар, осыған не дейсіз ұстаз?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, Жұма намазында екі құтпа арасында қысқа бір сәт отыру - біздің мәзхабта сүннет болып саналады (ал шәфиғи мәзхабында шарт)1. Хадистің бірінде: «Алла елшісі екі құтпа оқитын, екеуінің ортасында отыратын» делінеді2. Отырған сәтте іштей қысқа аят оқу немесе зікір айту яки дұға жасау мұстахаб3. Дұға жасау мұстахаб дегенге қатысты мынадай бір риуаят келтірілген:

«(Умеят әмірлерінің бірі) Бишр ибн Маруан мінбеде құтпа оқып тұрып дұға жасайды, дұғада екі қолын жаяды. Оны көріп отырған сахаба Ъумара ибн Руәйбә (عُمارةُ بنُ رُؤَيبةَ رَضِي اللهُ عنه): "мына қысқа екі қолды Алла ұсқынсыз етсін! Мен Алла елшісінің осылай айтып жатқан кезінде сұқ саусағын көтергеннен басқасын істегенін көрмедім» дейді (сахаба)»4.

Осы хадиске назар салып қарасақ, ардақты сахаба Ъумара радияллаһу анһ құтпада дұға етудің сүннет екендігін құптап тұр, ал құтбадағы дұға ету сәтінде қол жаюды сүннетке қайшы екендігін қатаң ескертіп тұр. Осыдан да біз имамның екі құтба ортасында отырған сәтінде іштей қысқаша дұға, тілекте болуының бидғат емес, қайта сүннетке сай амал екендігін ұғамыз.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль алямин!


1  Имам Кәсәни: «Бәдәиъус санаиъ».  ثُمَّ الْقَعْدَةُ بَيْنَ الْخُطْبَتَيْنِ سُنَّةٌ عِنْدَنَا
2  كَانَ النَّبِىُّ صلى الله عليه وسلم يَخْطُبُ خُطْبَتَيْنِ يَقْعُدُ بَيْنَهُمَا («Сахих Бұхари»).
3   كَانَتْ لِلنَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ خُطْبَتَانِ ، يَجْلِسُ بَيْنَهُمَا ، يَقْرَأُ الْقُرْآنَ وَيُذَكِّرُ النَّاسَ («Сахих Мүслім»).
4  Имам Тирмизи: «Сүнән», «Сахих Мүслім», Әбу Дәуід, «Сүнән».

 

 

Абдусамат Қасым