Ассаламуағалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Ханафи мазxабы бойынша нәфіл намазды жамағатпен оқу мәкруһ болып есептеле ме? Мысалы тасбиx намазы т.б. Аслан Ибрагимұлы.
|
Ханафи мәзхабы бойынша, нәпіл намаздарды жамағатпен оқудың үкімі қандай?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Бұған қатысты Имам әл-Кәсәни: «Тәтоууъ (сүннет және нәпіл) намаздарын жамағатпен оқу – сүннет амалға жатпайды. Бірақ, Рамазан айында оқылатын (тәрәуих пен үтір) басқа», - деген[1].
Аталмыш ғалымның «сүннет амал емес» деген сөзіне орай Ибн Ғабидин былай деп тұжырым білдіреді:
«Оның сүннет амал еместігі – «солай оқыса мәкруһ болады» деген үкімді тудырмаса керек. Әрине, егер әрдайым нәпілді жамағатпен оқып жүрсе, онысы бидғат болып, мәкруһтікті тудырары анық».
Бидғат болуының себебін Имам Тахауи: «Өйткені, ол – бізге мұра боп жеткен (сүннет) жолға теріс» - деп түсіндірген.
Басқа бір Ханафи ғалымы былай дейді:
«Нәпілді жамағатпен оқу – мұстахаб емес. Өйткені, сахабалар Рамазан айынан өзге айларда нәпілді жамағатпен оқымайтын».
Бұл айтылғандарға қосымша, Ибн Ғабидин: «Нәпілді бір адам екіншісіне ұйып оқыса, немесе екі адам бір адамға ұйып оқыса, мәкруһ емес. Үш адам бір адамға ұйып оқу мәселесінде талас бар» - дейді.
Тоқ етерін айтқанда: жамағатпен намаз оқу тек парыз намаздарына ғана тән әрекет. Дегенмен, кей кездері ек-үш адам бірігіп, нәпіл намазды жамағатпен оқып жатса, оның ешқандай мәкруһтігі жоқ. Ал, одан көп адамның жамағат болып оқуы – мәкруһ. Онда да «жиі оқыса, мәкруһ. Анда-санда оқыса мәкруһ емес» деп, шектеу қойғандар бар.
Бұл айтқандарымыздың үтір намазына да қатысы бар.
Ал, егер екі-үш адам жамағатпен оқып жатқан сәтте, басқа адамдар да қосылып, төрт-бес адам болып кетсе, не болады?
Ғалымдарымыздың айтуы бойынша, ондай жағдайда, мәкруһ - кейін қосылғандарға болмақ[2].
[1] әл-Кәсәни: Бәдәиъу.
[2] Хашияту ибн Ғабидин: Китабус сала – 4/375-377 бет.