«Bitcoin» криптовалютасына дін не дейді? Онымен ақша табуға бола ма?
«Bitcoin» криптовалютасына дін не дейді? Онымен ақша табуға бола ма?
6 жыл бұрын 9121

Ассаламуалейкум! Bitcoin криптовалюта жайлы түсіндіріп берсеңіз. Ол арқылы ақша табуға бола ма? Бахрадин.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Криптовалюта дегеніміз, жасалуы мен бақылануы криптографиялық әдіске сүйенетін, есеп-қисабы орталықсыздандырылған электрондық валюталардың бір түрі. Бір сөзбен айтқанда: виртуалды ақша[1].

(Крипто көне грек тілінде «жасырын» деген мағынаны білдіреді).

Криптовалютаның бірнеше түрлері бар. Олардың ең әйгілері екеу: биткоин және эфириум (Еthereum). Соңғы жылдары Ванкоин (OneCoin) деген атпен белгілісі де дамып жатқанға ұқсайды. Дегенмен, ең бірінші шыққаны әрі ең бағалысы – биткоин болып табылады. Сатоши Накомото лақаб есіммен тікелей байланысы бар криптовалютаның бұл түрі нарықта алғаш рет 2009 жылы пайда болып, соңғы 5-6 жылда даңқы шарықтап, құны күрт артқан[2]. Қазіргі таңда оның бағамы (курс) - $15,917,49-ға жетіп, асады (08.01.2018 ж.бағам бойынша бір биткоинның құны – 5 254 263,07 теңгеге тең)[3].

(Сатошо Накомото – Австралиялық бизнесмен Craig Wright деген кісі екендігі жақында мәлім болды).

Жаңа битақшалардың айналымға өтуі үшін 16 сандық құпия кодты декодтау қажет. Кім құпия кодты шешсе, оған 12,5 дана биткоин беріледі. Ол үшін кәсіби тұрғыда біліктілік пен мықты техника керек. Құпия кодты шеше алмайтындар интернет сайттарынан күнделікті бағам бойынша сатып алады.  

Қадағалаушы белгілі ресми орталық болмағандықтан, криптовалютаның құны «сұраныс пен ұсыныс» қағидасына тәуелді. Сұраныс артқан сайын, құны да шарықтай түспек.

Және криптовалютаның өзге валюталардан айырмашылығы – мөлшерінің шектеулігінде. Осы тұрғыда, ол инфляциядан дін аман.    

Шариғатта:

Шариғи үкіміне келер болсақ, бүгінде дін ғалымдары аталмыш валюта түрлеріне сақтықпен қарауда. Әсіресе, оның орталықсыздандырылуы сенімсіздік туғызады. Бір валютаның ақша ретінде есептелуі үшін, құндылығы мемлекет тарапынан берілуі керек немесе алтын сияқты өзіндік (заттық) құны болуы шарт. Ал, криптоақшаның артында ешқандай қаржылық орган жоқ. Ешқандай мемлекет секілді беделді мекеме тарапынан қадағаланбайды. Көзге көрінбес, қолмен ұсталмас сипатта.    

Бұнымен қатар, дінімізде белгісіздік (ғарар), алаяқтық, кісі ақысын жеу (ғаш уәт тәдлис), біржақтылық пайда (екіншісіне зиян, яғни, риба-өсім, құмар) деген сияқты олқылықтарды тудыратын келісімшарттар негізсіз саналады. Ал, криптовалюта саудасында белгісіздік пен сенімсіздік басым. 

Оның үстіне, екі түрлі валютаны айырбас жасарда ескеретін маңызды нәрсе «қолма-қол» принципі. Хадисте «ядән би ядин» делінген. Яғни, айырбас – араға уақыт салмай, қолма-қол жасалуы керек. Олай болмаса, рибаны, яғни, өсімді туғызады. Осыған орай, криптовалютаны сатып алғаннан соң сатып алушының иелігіне бірден берілмей, арадан уақыт өтсе, бұ да "өсімді" тудыратындықтан, шариғатқа қайшы болмақ. 

Осыларды негізге ала келе, бүгінде дін ғалымдары криптовалюта алып-сатарлығымен айналыспаған жөн екендігін айтады. Мысалы, беделді дін ғалымы, фиқһ білгірі Доктор Али әл-Қарадағи былай дейді:

«Биткоин, ванкоин тағыда басқаларын дәл қазіргі таңда және дәл қазіргі сипатта шариғатқа сай деп айта алмаймыз. Одан көптеген зияндар туады. Мемлекетке және оның қазіргі экономикасына зарар туғызады»[4].

Сондай-ақ, Түркия еліндегі дін істер басқармасы да криптовалютаға қатысты өз тұжырымдамаларын жариялады. Олардың баяндамасына қарағанда: 

"Криптовалюта - ұту немесе ұтылу тұрғысынан спекуляцияға ашық, (әсіресе) ақшаны жылыстау (отмывание денег) секілді заңсыз әрекеттерге қолдануға ыңғайлы әрі мемлекеттің бақылауынан тыс болуы себепті, бүгінде ондай валюталардың алып-сатарлығымен шұғылдану – діни тұрғыда дұрыс емес"[5].

"Болашақ - электрондық валютаның дәуірі..."

Дейтұрғанмен, технология мен интернет желісінің өміріміздің барлық салаларына үстемдік жүргізіп жатқандығына қарап, келешек «электрондық валютаның» заманы деп ашық айтуға болады. Өйткені, ақырын соған келе жатырмыз. Сол себептен, өз алдына электрондық валюталар немесе цифрлық валюталарды тыйып, олармен сауда-саттық жүргізу, ондай валютаны қолданысқа енгізу - шариғи тұрғыда түбегейлі харам деу асығыстық болмақ.

Жоғарыда аты аталған ғалым осы мәселеге де ишара ете келе өз сөзінде былай деп өтеді:

«Әлем бүгін не ертең электрондық және цифрлық валютаға ауысатын болады. Сол себепті, Ислам әлемі ол нәрсеге алдын ала дайын болуы ләзім.Тіпті, биткоин немесе ванкоинға қатысты мен қазірге шейін толықтай «харам» деп айтпаймын. Неге? Өйткені, олардың өздерінде кейбір күмәндар болуымен қатар, позитивті әрі негативті жақтары да жоқ емес. Ауқымды зерттеуді қажет ететіндіктен мен түбегейлі харам демеймін, (сатып алыңдар деп) кеңес те етпеймін... (Қысқасы) электронды валютаға рұқсат, бірақ, кейбір негіздемелерге мұқтаж. Ал, бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған биткоинның т.б. бүгінгі сипаттағысы - шариғатқа сай емес»[6].


[1] ru.wikipedia.org/wiki/
[2] promdevelop.ru/
[3] pokur.su
[4] Доктор Али ал-Қарадағидің «әл-Жазира» телеканалына берген сұхбатынан ықшамдап аударылды (араб тілінде).
[5] Түркия Дін істер басқармасы. 17 қараша, 2017 жыл.
[6] Доктор Али ал-Қарадағидің «әл-Жазира» телеканалына берген сұхбатынан ықшамдап аударылды (араб тілінде).

Абдусамат Қасым