Әссәләмуғалейкум! Мәйітті қабірге қойып болғаннан соң, жиналған халиқ қолымен бір уыс топырақ салады. Мұны кейбіреулер «дәстүр» десе, кейбіреулер «дінде бар нәрсе» дейді. Мұның дінімізде үкімі қалай? Аманқұлов
|
Мәйітті қабірге қойғаннан соң, жиналған жұрт бір уыстан топырақ салады. Осы хадисте бар ма?
|
Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә баракатуһ!
Хадис кітаптарында мынадай риуаяттар кездеседі:
Сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Алланың елшісі жаназа намазын оқығаннан кейін, қабірге келіп, (қабірдің) бас жағына үш рет (үш уыс) топырақ лақтырды»[1], - делінген.
Сондай-ақ, сахаба Амир ибн Рабиъа риуаят еткен хадисте де: «Пайғамбар (с.а.у.) Усман ибн Мазъунның жаназасын төрт тәкбір келтіріп оқыды. Қабірге келгенде (қабірдің) бас жағына тұрып үш уыс топырақ лақтырды», - делінген[2].
Осыған орай, кейбір кітаптарда, мәйіт қабірге қойылысымен қабірді көмбей тұрып, жерлеуге келген әрбір мұсылманның қабірге үш уыстан топырақ тастаулары сүннет деп есептеген (немесе мұстахаб)[3].
Ендеше, біздің елдегі жерлеу рәсімінде қалыптасқан «топырақ салу» әдеті де түптеп келгенде аталмыш хадистерден бастау алады деуге негіз бар.
[1]Ибн Мәжә – Китабуль Жанаиз. №1565 хадис.
[2] Даруқутни
[3] У.Зуһайли: әл-Фиқһул Исләми уә әдилләтуһу.