«Намаз ішінде шайтан күлдіре береді, одан қалай арылсам болады?»
«Намаз ішінде шайтан күлдіре береді, одан қалай арылсам болады?»
10 ай бұрын 3097

Ассалямуалайкум, Абдусамат аға! Өте қатты қиналып жүрмін. Тыныш намаз оқи алмаймын. Намазға тұра қалсам күлкім кеп қатты қиналып, өзімді ұстап тұруға тырысамын. Бірақ шыдай алмай күліп қоямын. Жалғыз оқысам да, адамдармен оқысам да солай. Не істесем болады? Не істерімді білмей жүрм. Басқа мазхабта күлсен дәрет бұзылмайды екен, сол пәтуаны ханафи болып ұстанса бола ма? Немесе күлсемде намазды бұзбай жалғастырып намазды аяқтауға бола ма? Бұл сынақпа әлде маған берілген жаза ма? Толық жауап берсеніз.

Әлхамдулилләһ. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, мына төмендегідей амалды істесеңіз, иншаАлла, Алланың жәрдемімен әзәзілдің уәсуәсасынан құтыласыз.

1) Алдымен өзіңізге үш рет Ықылас, үш рет Фәләқ және үш рет Нас сүресін оқып, әр оқығанда кеудеңізге үфіріп дем салыңыз.

2) Намазды бастайтын кезде азан шақырыңыз. (Үй жағдайда азан айтқанда орташа дауыспен айтсаңыз болады).

3) Намазға ниет етерде мына дұға-аятты оқыңыз: رَبِّ أَعُوذُ بِكَ مِنْ هَمَزَاتِ الشَّيَاطِينِ * وَأَعُوذُ بِكَ رَبِّ أَنْ يَحْضُرُونِ - «Рабби, әғузу бикә мин һәмәзәтиш шаятыйн. Уә әғузу бикә, Рабби, ән Яхдурун!»

4) Намаз ішінде уәсуасә келген жағдайда «Лә иләһә иллаллаһ» деп айтыңыз.

5) Егер азғыруын қоймаса, үш рет сол жағыңызға түкіріңіз де одан соң: أعوذ بالله السَّميع العليم من الشيطان الرجيم - «Әғузу билләһис-сәмиъиль алими минәш-шәйтанир ражим» деңіз (әдеттегі Әғузуді айтсаңыз да болады).

6) Намаз ішінде «қазір күлемін» деген ойды қуыңыз. Ол үшін намазда тұрғанда «Алла көріп тұр» деген ойда болыңыз. Және де қабірді ойлаңыз, ертең қабірге көмілсем жағдайым не болады, дегенді ойлаңыз, осылайша іштей құдайдан пана тілеп, ойыңызды Аллаға және ақыреттік жағдайға аударыңыз.

7) Парыз намаздың алдында міндетті түрде «Қамат» түсіріңіз. 

7) Намаздан кейін «Аятуль курсиді» оқып, тәспі тартып, артынан қол жайып, шайтанның азғыруынан Аллаға сыйынып, Одан пана сұраңыз. Азғырушы шайтанның азғыруынан арылтуды тілеңіз. ИншаАлла, Алла Тағала ол дерттен арылтады.

8) Бұған қосымша «Бақара» сүресін оқыған пайдалы. Өзіңіз оқи алмасаңыз, «Бақара» сүресінің аудио оқылуын тыңдаңыз. Жиі Құран тыңдаңыз.

9) Сағаттар бойы тик-токта отыруды тоқтату керек. Сондай-ақ, бүкіл уақытын ютубты көрумен өткізуді қысқарту керек.

10) Анайы бейнебаяндар мен фильмдерді көруден сақтану керек. Анайы бейнелерді көрген адамның қасынан періштелер қашып, шайтандар үйір болады.

11) Жиі зікір-тәспихат айтып, жиі «истиғфар» келтірген жөн. (Истиғфар - Астағфирулла деп, Алладан кешірім тілеу, күніне жүз мәрте).

12) Таң намазы мен құптан намазына ұқыптылық танытыңыз. 

Алла Тағала сізді және жақындарыңызды жын-шайтандардың азғыруларынан сақтап, өзінің панасына алсын! Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым