Намазда имамнан ерте сәлем беріп қойсам, намазды қайта оқимын ба?
Намазда имамнан ерте сәлем беріп қойсам, намазды қайта оқимын ба?
8 жыл бұрын 10409

Әссәләмуғалейкум! Имамға ұйып, кейін ақырғы отырыста имамнан ерте сəлем беріп қойсам, намазды басынан оқимын ба? 

Мұхит Әлібаев

Уағалейкум әссәләм! Жамағатпен оқыған намаздарда алдағы имамға ілесу намаздың парызында – парыз, уәжібінде – уәжіп, сүннетінде – сүннет. Осыған орай, намаз соңында «сәлемді» имамнан озып, себепсіз одан бұрын орындау –  харамға жақын мәкрүһ. Бірақ, намазы дұрыс.  

Әйтсе де, мына төмендегі жағдайларда ұюшы имамнан бұрын сәлем беріп, намазын аяқтауына рұқсат:

  1. Киген мәсінің уақыты бітуге таяп қалған болса. 
  2. Үзір иесі намаз уақытының шығып кетуінен қорықса  (өйткені, үзір иесі әр уақыт намазға дәретін жаңалауы тиіс. Бес уақыт намаздың біріне алған дәреті келесі намаздың уақыты кірісімен бұзылады) 
  3. Жұма намазының уақыты шығып, асырдың уақыты кіріп кетуінен қауіптенсе 
  4. Айт намазының уақыты шығып, бесін уақыты кіруінен қорықса 
  5. Таңғы намазда күн шығып кетуінен қорықса;
  6. Дәретінің бұзылып кетуінен сескенсе[1].

Аталмыш жағдайларға тап болған ұюшы адам имамнан бұрын сәлем беріп, намазын аяқтап жатса, онысы «тахриман мәкруһ» болып саналмайды. Алайда, ол кезде де ең аз тәшәһһуд дұғасы оқылатындай мөлшерде имаммен бірге қағдада отырған болуы шарт.


[1] Абдурахман әл-Жәзири, «әл-Фиқһул аля мәзәһибил арбаъа». 1/397-398 бет.

Абдусамат Қасым