Намазда сәһу сәждені жасауды ұмытса, намазы дұрыс па?
Намазда сәһу сәждені жасауды ұмытса, намазы дұрыс па?
7 жыл бұрын 20589

Намаздан соң сəһу жасаймын деп тұрып, оны ұмытып кетсем намазымды қайта оқимын ба? Нұрлыбек

Құрметті сұрақ сұраушы, сәһу сәждені орындау - уәжіп амалына жатады. Əйткенмен, сәһу сәждесін жасауды ұмытып, намаздан шығып қойған жағдайда, қайта оқудың қажеті жоқ.

Дегенмен, сәһу сәждені ұмытқан кісі намаз соңында екі жаққа сәлем бергенімен, әлі орнынан тұрып (денесін құбыладан бұрып) үлгермеген болса және сөйлеу, күлу, тамақ жеу деген сияқты намазды бұзатын әрекеттерге барып қоймаған болса, қағдада отырған күйі екі рет сәһу сәждесін жасап, артынан қайта "аттахияту", "салауат" жәнә "рәббана" дұғаларын оқиды. Сосын әдеттегідей сәлеммен намазын аяқтайды.

Қосымша мәлімет ретінде мынаны да айта кетелік: сәһу сәждесі үш жағдайда жасалмайды:

  1. Таң намазының соңында аттахияту оқып, сәлем бергеннен соң күн шығып кетсе, сәһу сәжде жасалмайды.  
  2. Асыр намазын оқып тұрған сәтте күн қызарып батуға шақ қалғанда да, жасалуы керек сәһу сәждесі жасалмайды.
  3. Намаз соңында сәлем бергеннен соң, намаз бұзатын әрекеттердің бірі туындаған болса, сол күйінше сәһу сәждесі орындалмайды. Намазды қайта оқудың қажеті жоқ. Атап айтсақ, сәлемнен кейін дәрет бұзылса, күлсе, сөйлесе, тамақ жесе[1] т.б.

* Сәһу сәждесі - намазда кеткен кейбір қателіктер мен кемшіліктерді түзету мақсатында намаз соңында орындалатын әрекет. Үкімі – уәжіп. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Кім де кім намазда күмәнданса сәлем беріп, екі сәжде жасасын», - дейді. Тағы бір хадисінде:«Намаздағы қателіктер үшін сәлемнен кейін екі сәжде бар», - деген.


[1] Шүрунбүләли: Имдәд – 483 бет. 

Абдусамат Қасым