Намазда тақия киюдің үкімі қандай?
Намазда тақия киюдің үкімі қандай?
9 жыл бұрын 13995

Әссәләмуғалейкум! Бір жігіт маған тақиясыз оқығанның намазы қабыл емес деп айтты. Осы қаншалықты рас? Жалпы намазда тақия киюдің үкімін айтып бересіз бе? Алла разы болсын! Ақижан.

Уағалейкум ассалам! Намазды басқа сәлде немесе тақия киіп оқу - сүннет.  Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазды сәлдесін киіп оқыған. Намазды жаланбас оқуды ертеректе Ханафи ғалымдары мәкрүһ санағандықтары жасырын емес.

Бұл жайында Ханафи кітаптарында былай делінеді:  

«Ер кісілердің  мүмкіндіктері бола тұра, ерініп немесе (басына кигенді) ауыр көріп (إِسْتِثْقَالاً) намазды жалаңбас оқулары (жеңіл) мәкрүһ. Өйткені мұнда ықылассыздық (ترك الوقار) бар. Алайда, Алланың алдында өзін төмен санау, Жаратушының алдында әлсіз екендігін білдіру мақсатында жалаңбас оқыған болса, мәкрүһ емес. Дегенмен, онда да жалаңбас оқымаған абзал. Өйткені Намаз хушуъға негізделеді (яғни үміт пен қорқыныш сезіміне...)»[1].

Ендеше, мүмкіндігінше намазды тақия киіп оқыған абзал. Бірақ, тақиясыз оқыған кісінің де намазы дұрыс.  Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

[1] Шурнубуләли – Имдадул Фаттах «Макрухатус сала».  390 бет.

Абдусамат Қасым