Намазды тастап кеткеннің үкімі қандай?
Намазды тастап кеткеннің үкімі қандай?
10 жыл бұрын 92748

Әссәләмуғалейкум! Намаз оқып, кейін тастап кететіндер болады. Шариғатта осының үкімі қалай? Жанайдар

Уағалейкумсалам! Құрметті Жанайдар, намазды тастап қою, дінімізде, ауыр күнә. Оның күнәсі жайында баян еткен Пайғамбарымыздың бірнеше асыл сөзі бар. Атап айтсақ, Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахаба Муғаз ибн Жәбәлға былай дейді:

 من ترك الصلاة متعمدا فقد برئت منه ذمة الله  

«Кім намазды әдейі тастап кеткен болса, онда Алланың панасы одан ұзақтайды»[1].

Сондай-ақ, сахаба Абдулла ибн Ъамрдің айтуынша, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні намазды тілге алып былай деді:

" مَنْ حَافَظَ عَلَيْهَا ، كَانَتْ لَهُ نُورًا وَبُرْهَانًا وَنَجَاةً يَوْمَ الْقِيَامَةِ ، وَمَنْ لَمْ يُحَافِظْ عَلَيْهَا لَمْ يَكُنْ لَهُ نُورٌ وَلا بُرْهَانٌ وَلا نَجَاةٌ ، وَيَأْتِي يَوْمَ الْقِيَامَةِ مَعَ قَارُونَ وَفِرْعَوْنَ وَهَامَانَ وَأُبَيِّ بْنِ خَلَفٍ

«Намазына берік кісіге, қиямет күні намаз (жарқыраған) нұр, айғақ және (тозақ отынан) құтқарушы болады. Ал кім оны тастап кетсе, онда оған нұр да, айғақ та құтылу да жоқ. Қиямет күні ол адам Қарунмен бірге, Перғаунмен бірге, Һаманмен және Үбәй ибн Хәләфпен қатар тұрады (хадис мәтінінде «келеді» делінген)»[2].

Тағы бір Хадисінде:

بين الرجل وبين الشرك والكفر ترك الصلاة

«Адам және ширк пен күпірдің арасында - намазды тастап қою ету бар»[3], – дей келе

намаз оқымай тастап кеткен адамның шайтанға тез иланғыш келетіндігін, осылайша оның тұзағына оңай түсіп, адасып, артынан "күпірлікке" түсіп кету қаупі басым екендігін айтуда. Өйткені, Шайтанның тұзағына көп түсетіндер, олар - діни бұйрықтарды орындамай ықылассыздық танытқан жандар. Бұл жайында Құранда былай делінген:
«(Шайтан айтты): ... әлбетте адам баласына жер жүзіндегі нәрселерді жақсы көрсетіп, олардың барлығын адастырамын. Бірақ, олардың ішіндегі ықыласты құлдарыңды адастыра алмаймын»[4].

Әйтсе де, бұдан адамға мынандай ой келмеуі керек: Намазды бастап, одан кейін тастап, осындай күнәға батқанша, бастамағаным жақсы» деген. Намаздың парыз екенін білген кісі, біле тұра мүлдем оқымайтын болса да күнәсі ауыр.

Ендеше ағайын, намазды оқымай тастап кету – ауыр күнә. Намаз – дініміздің тірегі. Оны әлсіреткен адам жүрегіндегі дінін әлсіреткені. Және Ол жамандықтан арылтып, жақсылыққа жөнелтетін - көңіліміздегі нұр. Жүректегі нұры өшкен кісі – құлағы бар бола тұра естімейтіндей, көзі бар болғанымен көрмейтіндей халге душар болады. Алла Тағала құлшылығымызға бізді берік етсін.

[1] Табарани: Муъжәмул Кәбир; Ахмәд ибн Ханбәл: Мүснәд.
[2] Ахмәд ибн Ханбәл: Мүснәд. №1220
[3] Сахих Муслим: Китабул Иман - №82 хадис.
[4] Хижр сүресі –39-40 аяттар.

 

Абдусамат Қасым