Намазды үйінде жамағатпен оқыған адам да 27 есе сауап ала ма?
Намазды үйінде жамағатпен оқыған адам да 27 есе сауап ала ма?
1 ай бұрын 1513

Ассаляму алейкум, ұстаз! Жиырма жеті есе сауап деген үкім мешіттегі жамағатқа ғана қатысты ма? Әлде үйде әйел, бала-шағамен оқу да 27 есе сауап бола ма?

Биссмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Мешітке жақын тұратын мұсылман ер адамның жамағаттан қалмай, намаздарын мешітте жамағатпен оқып тұруы Ханафи мәзхабында «бекітілген сүннет» болып табылады (яғни, уәжіпке жақын). Намазды жамағатпен оқу – Исламның рәміздерінің бірі болып есептеледі. Тіпті, қаланың тұрғындары жаппай жамағатпен оқуды үзірсіз тәрк етсе, мұсылман өкіметі ол қалаға әскер кіргізеді делінген1. Бұл, намаздарды жамағатпен оқудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Үзірсіз мешітке жамағатқа бармай, үйінде оқыса, «мәкруһ» істеген болады, белгілі дәрежеде күнә жазылады. Дегенмен, үйінде бала-шағасымен жамағат болып оқыса, жамағаттың сауабын алады. Бұған қатысты Ханафи фиқһ кітаптарында былай делінген:

«Егер, үйінде әйелімен немесе күңімен яки баласымен бірге оқыса, жамағаттың сауабын алады. Сондықтан, ұйықтап немесе ұмытып яки бір іске айналып, жамағат намазынан қалып қойса, үйінде жанұясын жиып, бірге оқығаны ұнамды әрекет»2.

Абдусамат Қасым


1Имам Шүрунбүләли: «Мәрақиль әл-Фәлләх».
2Әбу Бәкір Хәддәд: «әл-Жәуһәратун Нира».