Намаздың алғашқы отырысында «аттахиятудан» кейін «салауат» айтып қойса, намазды қайта бастай ма?
Намаздың алғашқы отырысында «аттахиятудан» кейін «салауат» айтып қойса, намазды қайта бастай ма?
8 жыл бұрын 20346

Әссәләмуғалейкум! Егер намаздың ортасында "аттахияттан" кейін, "салауатты" да айтып кетсе, намазды қайта оқуы керек пе?

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Төрт не үш рәкәғатты парыз және үтір намаздарындағы алғашқы отырыста (қағда) «тәшәһһуд» дұғасынан кейін «салауат» айтылған жағдайда намазын бұзбай үшіншіге тұрып, әрі қарай жалғастырып оқып кетеді. Тек намаз ішіндегі парыз амалын кешіктіргені үшін (сіздің жағдайда үшінші рәкәғаттың қиямына тұру амалы), намаз соңында сәһу сәждесін жасауы керек.

Сəһу сəжде қалай жасалады? 

Бұл сәждені жасайтын адам соңғы отырыста «әттахиятты» оқығаннан соң оң жағына бір рет сәлем беріп[1], қайта «Аллаһу әкбәр» дейді де екі рет сәждеге барады. Өйткені хадисте: «Әр сәһу сәждеде – сәлемнен кейін екі сәжде жасалады»,[2] - делінген.

Одан соң қайтадан «әттахиятты», артынан салауат және дұғаны оқып, екі жаққа сәлем беріп, намазын аяқтайды.

Имран бин Хусайн риуаят еткен хадисте былай делінеді: «Пайғамбарымыз (с.а.у) имам боп тұрып қателсекен еді, (намаз соңында) екі сәжде жасап артынан тәшәһһуд оқып, сәлем беріп намазын аяқтады»[3].


[1] Шүрунбүләли, «Имдадуль Фаттах». 482 бет.; Али әл-Қари, «Фатх». 1/349 бет.
[2] Әбу Дәуід - №1038; Ибн Мәжә - №1219 хадис.
[3] Әбу Дәуід – 1039 хадис.

Абдусамат Қасым