Парыз намазының үшінші және төртінші рәкәғаттарында «Фәтиха» сүресін оқымаса бола ма?
Парыз намазының үшінші және төртінші рәкәғаттарында «Фәтиха» сүресін оқымаса бола ма?
2 жыл бұрын 5219

Парыз намазының үшінші және төртінші рәкәғатында «Фәтиха» сүресін оқымаса бола ма?

Парыз намаздарының үшінші және төртінші рәкәғаттарында «Фәтиха» сүресін оқымай, жай ғана «Аллаһуммағфирли», «сүбханаллаһ», «әлхамдулилләһ» деген сияқты зікір-тәспихаттардың бірін айтумен ғана шектелсе болады. Бұған байланысты Имам Мұхаммед (раһимаһуллаһ) өзінің «Хужжа» атты еңбегінде былай деп өтеді: 

«Имам Ағзам Әбу Ханифа айтқан: Имам болсын, мейлі жалғыз оқитын кісі болсын, барлық (парыз) намазының алғашқы екі рәкәғатында «Құранның анасын» (Фәтиха) оқуы керек және онымен қоса бір сүре қосып оқуы тиіс. Ал құптан, бесін және асыр намаздарының ақырғы екі рәкәғаттарында, және де ақшам намазының үшінші рәкәғатында Ол айтады (Әбу Ханифа айтады): «Қаласа Фәтиха сүресін оқиды, қаласа үндемей еш нәрсе оқымайды, қаласа «сүбханаллаһ» дейді. Бірақ біздің пікірімізше Фәтиха сүресін оқу жақсырақ»[1]. Бұл сөзіне Имам Мұхаммед мынадай дәлел айтады:

"Бізге Әзіреті Әлиден жеткен бір риуаятта, Әзіреті Әлидің (радияллаһу анһ) парыздың соңғы екі рәкәғатында құр ғана "сүбханаллаһ" дегендігі айтылған. Ал Әзіреті Әбу Бәкірден жеткен мәліметте болса, Әзіреті Әбу Бәкірдің (радияллаһау анһ) соңғы екі рәкәғатта да "Фәтиханы" оқығандығы білдірілген"[2]..

Бұл айтқандарымыз - парыз намаздарына қатысты, ал сүннет, нәпіл, үтір намаздарының әр рәкәғатында Фәтиха мен қосымша сүре оқылу керек.

Тоқ етерін айтқанда, парыз намаздарының алғашқы екі рәкәғатында фәтиха мен зам сүрені оқу – уәжіп (міндетті). Ал соңғы үшінші, төртінші рәкәғаттарында «Фәтиха» сүресін оқыған жақсы, оқымай жай ғана «Раббиғфирли» десе де болады.


[1] Имам Мұхаммед: «Хужжәту аля Әһлиль Мәдинә». Бәбуль Қороә.
[2] Имам Мұхаммед: «Хужжәту аля Әһлиль Мәдинә». Бәбуль Қороә.

Абдусамат Қасым