Вахталық әдіспен қаладан 10-15 шақырым ұзақта жұмыс істеймін, Жұма намазына бару парыз ба?
Вахталық әдіспен қаладан 10-15 шақырым ұзақта жұмыс істеймін, Жұма намазына бару парыз ба?
5 жыл бұрын 6578

Ассаляму алейкум! Менде бір киын жағдай болып тұр. Мен Ақтаудың «Құрық» деген ауданында жұмыс жасауға келдім вахталык əдіспен. Енді менің жұмысым сол ауданнан 10-15 км жырақта. Жұма намазымыз калай болады? Бастықтар жібермейді екен ұзақ уакыт кетеді деп. Енді не істесек болады? Ортада ешқандай елді мекен жоқ. Бізге жұма намазы парыз бола ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы! Фиқһ кітаптарындағы мәліметтерге қарасақ, мүжтәһид ғұламаларымыздың осы тақырыпқа байланысты білдірген мынадай тұжырымдамаларын кездестіруге болады:

Шәфиғи мәзһабы бойынша, бір мұсылман қала сыртында болып, айтылған азанды естімесе, яғни, сондай ұзақтықта болса, ол мұсылманға жұма намазына келу міндет емес. Мысалы, егіншілер т.б. Өйткені, хадисте: «Жұма намазы – азанды естігендерге міндет» делінген[1].

Имам Мұхаммедке (р.а.) қарағанда: "Егер, ол адам мен қала арасы бір немесе екі яки үш мил ұзақтықта болса, оған жұма міндет емес". (1 миль=1610 м). Имам Мұхаммедтің басқа бір тұжырымында: "Егер, ол адам мен қала тұрғындары арасы екі фәрсахтан аз қашықтықта болса, оған жұма намазына қатысу керек. Ал, одан көп болса, қатыспайды", - делінеді.

Имам Әбу Юсуфтың да тақырыпқа қатысты мынадай тұжырымы кітаптарда орын алған, онда ғұлама былай дейді: «Қала халқына мүшрик әскері шабуылдап қаланы қоршап алса, қала халқы да оларға қарсы қаладан шығып, жолаушылықты ниет етпей екі миль не үш миль ұзақтықта әскери лагер құрса, оларға сол әскери лагерде жұма намазын оқулары керек» деген. Имам Әбу Юсуф бұл жерде әскерлер тұрақтаған жерді, яғни, екі-үш милдік жерді, қаланың үкімінде санап тұр[2]. Бұл сөзінде Имам Әбу Юсуф «Фина-уль Мыср» деп, аталатын Қаланың шегарасына кіретін аймақта жүрген мұсылманға жұмаға келу міндет деп отыр. Демек, одан ұзағы - ұзақ. (Фина-уль Мыср - қаланың аймағына жататын қаланың сырты).

Уәһбәту Зуһайли Ханафи мәзхабының жұма шарттарын түсіндіру барысында былай деп өтеді:

«Фина-уль мысрдағы» адамға да, яғни, қаланың айналасына созылған жерлердегі адамға да жұма намазына бару парыз. Оның (фина-уль мысырдың) қашықтығы таңдаулы пәтуа бойынша, шамамен бір фәрсәх (5544 метр). Ал, қаланың сыртындағы адамға, егер ол мұнаралардан жоғарғы дауыспен айтылған азанды еститін болса, жұма намазы парыз. Бұл – Имам Мұхаммедтің сөзі. Пәтуа да осы негізде беріледі. Әбу Дәуідте келтірген хадисте: «Жұма – азанды естігеннің бәріне парыз» делінген"[3]. Яғни, Уаһбату Зуһайли Ханафи мәзхабында қалалы жерден 5-6 шақырым ұзақтағы мұсылманға жұмаға келу парыз, одан ұзақтағыға парыз емес деп отыр.

Ендеше, құрметті сауал жолдаушы, сіздің жұмыс орныңыз қала сыртынан (не қала үкіміндегі аудан сыртынан) 10-15 км қашықтықта болғандықтан, сіз үшін жұмысыңызды тастап, жұмаға келуіңіз міндет емес. Оның орнына бесінді оқисыз. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!  


[1] Маърифатуль Сунән уәл Әсәр. биһәмишиһи.
[2] Әл-Мухитуль Бурхани: 2/68 бет.
[3] Уәһбәту Зухайли: әл-Фиқһуль Исләми уә әдилләтуһу.

Абдусамат Қасым