Айттың бірінші күні ораза ұстаған болса, онысы санала ма?
Айттың бірінші күні ораза ұстаған болса, онысы санала ма?
2 жыл бұрын 3471

Сәлеметсіздер ме? Айттың бірінші күні ораза ұстап қойса, онысы санала ма?

Сәлеметсіз бе!

Ораза айттың бірінші күні және Құрбан айтта төрт күн[1] ораза ұстаудан Пайғамбарымыз (с.а.у.) тыйған. Сахаба Әбу Саъид әл-Худриден жеткен хадисте, Ол былай дейді: "Пайғамбарымыз (с.а.у.) ораза айт пен құрбан айт күндері ауыз бекітуден тыйды"[2]. 

Ол күндері ораза ұстау Ханафи мәзхабында «харамға жақын мәкруһ», өзге мәзхабтарда «харам». Бұл дегеніміз, Ханафи мәзхабында ол күндері тұтқан ораза, кемшілікті болса да, есептеледі деген сөз. Сондай-ақ, ол күндері (яғни, ораза айттың бірінші күні және құрбан айтта төрт күн) нәпіл оразаға ниет етіп, ауыз бекіткен кісілер оразасын бұзып, ауызын ашып жіберсе қазасын өтемейді[3].

Ендеше, ораза айттың бірінші күні білместіктен ауыз бекіткен болсаңыз, тұтқан оразаңыз саналады, мейлі қаза оразасы болсын, нәпіл оразасы болсын. Бірақ келесіде ораза айттың бірінші күні ауыз бекітудің дұрыс емес екендігін ескерген жөн. Айттың екінші күнінен бастап ораза ұстай беруге болады.


[1] Құрбанның бірінші күнә және одан кейін үш күн «Тәшриқ» күндері. Хадисте: «Тәшриқ күндері – ішіп, жеу күндері болып саналады». («Сахих Мүслім», Китабус сиям). 
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари», «Китабус саум».
[3] Имам Зайлаъи: «Тәбиинуль Хақаиқ», 2\219 бет.

Абдусамат Қасым