«Ашура күні» жұмаға сай келіп тұр. Ораза ұстала ма?
«Ашура күні» жұмаға сай келіп тұр. Ораза ұстала ма?
9 жыл бұрын 9360

Ассаламуғалейкум, Абдусамат аға! Егер де, Ашура күні жұма күніне сәйкес келсе, онда ауыз бекітеміз бе? Осыны тарқатып, айтып берсеңіз! Және де үкімі сүннет пе, әлде мұстахап па?

Нұрбол Оспанов

Уағалейкум әссәләм, Нұрбол! Ардақты Пайғамбарымыз ( ﷺ) былай дейді:

لا تختصوا ليلة الجمعة بقيام من بين الليالي ولا تخصوا يوم الجمعة بصيام من بين الأيام إلا أن يكون في صوم يصومه أحدكم

«Сендер жұманың түнін өзге түндерден ерекше етіп, ғибадатқа арнамаңдар. Және жұманың күндізін өзге күндерден ерекше етіп, оразаға арнамаңдар. Алайда, әлдекімнің ұстап жүрген оразасы болса, ол басқа».[1]

Аталмыш хадистен мынаны түсінуге болады: Арнайы жұма күнін ерекше ету үшін емес, тек сол күнге сай келіп қалған айтулы күндердің бірін оразамен өткізу мақсатымен ауыз бекітіп жатса, оған рұқсат. Мысалы, ертең Алла жазса, Ашура күні деп отырмыз. Осыған орай, мұсылман кісі жұма күніне емес, Ашура күніне арнап ораза ұстап жатса, онысы мәкрүһ болмайды.  

Бірақ, ардақты Пайғамбарымыздың ( ﷺ) Имам Ахметтің «мүснәдінда» (хадис кітабы) риуаят етілген бір хадисінде: «Ашура күнінде ораза ұстаңдар. Яхудилерге ұқсамау үшін, алдында бір күн және кейін тағы бір күн тұтыңдар», – деген кенесін ескерер болсақ, Ашура күнімен қоса еш болмағанда, бір күн алдын не бір күн кейін қосып, ораза ұстаған абзалырақ, дегенмен, ашура күні ғана бір күн ұстаса да бола береді. Алла қабыл етсін!


[1] «Сахих Мүслим»: Китабус сиям, №(1930) 1144 хадис

Абдусамат Қасым