Ауызды уақытынан кешіктіріп ашқан болса, ораза дұрыс па? Мархұм болған туысымның атынан пітір садақа берсем бола ма?
Ауызды уақытынан кешіктіріп ашқан болса, ораза дұрыс па? Мархұм болған туысымның атынан пітір садақа берсем бола ма?
5 жыл бұрын 28833

 Сұрақ 1: Ауыз ашатын уақыттан кешігіп қалсақ, сол күнгі оразамыз қабыл бола ма?

Сұрақ 2! Мархұм болып кеткен туыстың атынан пітір садақа берсе бола ма?

Ауызды уақытынан кешіктіріп ашқан адамның оразасы дұрыс. Әйткенмен, күн батысымен ауызды көп кешіктірмей ашқан «мұстахаб», яғни ұнамды әрекет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің асыл сөзінде:   

لا يَزَالُ النَّاسُ بِخَيْرٍ مَا عَجَّلُوا الْفِطْرَ

"Адамдар ауыз ашарды тездеткенше жақсылықта бола бермек"[1], - деген.

Басқа бір сөзінде:  «Ауыз ашарды кешіктіретіндер - Яһуди мен христиан дініндегілер» - дей келе, мұсылмандардың олай етпеулерін кеңес еткен.

Дегенмен, ауызды кешіктіріп ашқан адамның оразасы есептеледі. 

Осы орайда, Имам Шафиғидың (р.а) мына сөзін де мәлімет ретінде келтіре кетелік. Ғұлама былай деген екен:

«Күннің батқандығы анық білінгеннен кейін ауыз ашуды кешіктірген адам, егер кешіктіруді абзал санап кешіктірген болса, хадистерге қайшы келгендіктен, онысы мәкруһ болмақ. Ал, кешіктіруді абзал деп ойламаса (жай кешіктірсе), ағаттығы жоқ. Түнде ораза ұстау дұрыс емес»[2].

Мархұм болып кеткен туыстың атынан пітір садақа берсе бола ма?

Бақилық туыстарымыздың атынан пітір садақ беруіміз дінімізде міндеттелмеген. Әйтсе де, сауап үшін мархұмның атынан да садақа беремін десеңіз өз еркіңіз. Садақа ретінде мархұмға сауабы ұласатындығы анық.  

Риуаяттарға қарағанда, Саъд ибн Ъубада есімді сахабаның анасы өзі жоқ кезде қайтыс болады. Ол Алла елшісіне келіп: «Уа, Расул Алла! Анам мен жоқ көзде, бақилық болды. Оның атынан садақа берсем, оған пайдасы тие ме? – деп сұрайды. Алла елшісі: «Иә» деп жауап береді. Сонда әлгі сахаба: «Мен сені куәгер етемін, шынында менің жемісті бау-бақшам анамның атынан садақа болсын», - деген екен[3].


[1] «Сахих Мүслім» хадистер жинағынан.
[2] Имам Шафиғи: әл-Умм.
[3] Сахих Бұхари: әл-Уасая. №2605.

Абдусамат Қасым