Хайызы келген әйелдің Рамазанда ұстамаған күндерінің қазасын өтеуі керек дегенге дәлел бар ма?
Хайызы келген әйелдің Рамазанда ұстамаған күндерінің қазасын өтеуі керек дегенге дәлел бар ма?
13 күн бұрын 1553

Қайырлы түн! Нақты құран аятымен дәлел көрсетіңізші, етеккір келген соң оразаның қазасын өтеу жайлы құранда қай сүреде айтылған, әлде мазхаб бойынша суннет па? Құран аятымен дәлелғып айтсаңыз.

Бисмилләһир рахманир рахим

Хайызы келген әйел кісілердің Рамазан айында ұстамаған оразаларын кейіннен қазасын өтеулері парыз екендігі хадистер мен дін ғұламаларының «ижмасымен» бекітілген. «Сахих Мүслімде» келтірілген хадисте Мұъазә есімді сахаба әйел былай әңгімелейді:

«Мен Айшадан (р.а.): «Хайызы келген әйелдің оразаның қазасын өтеп, ал намаздарының қазасын өтемеуінің себебі неде?» - деп сұрадым. Айша (р.а.): «Сен Хурурисің ба (Хурури ағымынансың ба?)» - деді (р.а.). Мен: «Жоқ, Хурури емеспін, жәй сұрадым» дедім. Сонда Ол (р.а.): «(Пайғамбарымыздың уақытында) бізге ол жағдай туындағанда оразаның қазасын өтеуге бұйрылған едік, намаздың қазасын өтеуге бұйырылмадық» деп жауап берді»1. 

«Ижмамен бікітілген» дегенге қатысты Имам Нәуәуи (р.а.) былай дейді:

«(Мұсылман) Үмбеті хайызы келген әйелдің ұстамаған оразасының қазасын өтеу міндетті екендігіне бір ауыздан ымыраласқан. Ол жайында ижманың барын бізге Имам Тирмизи, Ибн Мүнзир, Ибн Жәрир, біздің мәзхаб ғалымдары және олардан өзгелер жеткізді». 

Ендеше, Рамазанда хайызы келген әйел кісілер тұтпаған оразаларының қазаларын өтеулері міндетті, ал сол жағдайда оқымаған неше күндік намаздарының қазасын өтемейді. Оның себебі, намаздың саны көбейіп кететіндіктен әрі намаз күнде қайталанып тұратын ғибадат болғандықтан хайызы келген сайын қазаларын өтеп тұруы ауырға соғары сөзсіз, сол себепті Алла Тағала әйел кісілерге жеңілдік танытып, хайыз жағдайында оқымаған намаздарының қазасын өтеуді бұйырмаған. Ал Рамазан айы жылда бір рет келетіндіктен әрі хайыз жағдайында тұтпаған қаза оразаларының саны аз болатындықтан, оразаның қазасын өтеуді бұйырды.

Уә ахиру даъуана әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин! 


1  Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».

Абдусамат Қасым