Шағбан айында қай күндері ораза ұстаса болады?
Шағбан айында қай күндері ораза ұстаса болады?
6 жыл бұрын 52157

Сәлеметсіздер ме! Шағбан айының оразасын қанша күн ұстайды? Және қашан басталады? Адина. 

Сәлеметсіз бе!

Шағбан айы – шамасы келген мұсылманға көптеп нәпіл ораза ұстайтын ай. Пайғамбарымыз өзге айлардан гөрі осы Шағбан айында көбірек ораза ұстайтын болған. Сахаба Усама ибн Зәйд оның себебін сұрағанда Ол (с.а.у.): «Бұл айда барлық істер әлемдердің Раббысына көтеріледі. Менің де істерім Алланың құзырына аузым берік болған күйде көтерілуін қалаймын», - деп жауап берген екен[1].

Дегенмен, қанша күн әрі қай күндері ораза ұстау керектігі риуаяттарда нақты айтылмаған. Сондықтан да, қанша күн ұстаймын десеңіз де өз еркіңіз. Мәселен, дүйсенбі мен бейсенбі күндері ауыз бекітсеңіз болады. Сондай-ақ, Шағбан айының 13, 14, 15 күндері, яғни, «үш ақ күндері» (әйямуль Бәйд) ораза ұстаған дұрыс.

Бараат күні ораза ұстау

Әсіресе, Шағбан айының 15 күні (бәраат күні) күндіз ораза ұстап, түнін ғибадатпен өткізгеннің сауабы мол. Бір «әлсіз хадисте» былай делінген:

«Шағбан айының ортасы болғанда түнін ғибадатпен, ал күндізін оразамен өткізіңдер. Алла Тағала сол күні күн батқанда дүние аспанына түседі де былай дейді: «Менен кешірім тілейтін пенде бар ма, кешірім етейін? Менен ризық-несібе тілейтін пенде бар ма, ризығын арттырайын? Ауру-сырқауға шалдыққан бар ма, саулық берейін?» т.б. осылай таң атқанша жалғасады»[2].

Осы тұрғыда, кейбір мұсылмандардың өткен Рамазан айынан өтелмей қалған қаза оразалары болса, осы айды пайдаланып, соларды да өтеп алғандары абзал.    

Бұнымен қатар Шағбан айында Құран оқып, кедей-кепшікке қайыр-садақа тарату да сауапты.

Сахаба Әнәс ибн Мәликтің айтуы бойынша,  Шағбан айы кірісімен (сол кезеңдегі) мұсылмандар бас көтермей Құран оқиды екен. Қалталы кісілер өз зекеттерін осы Шағбан айына туралап, кедей-кепшікке тарататын болған. Ондағы мақсаттары: әлсіз, тұрмыстың тарлығы себепті қауқары қалмаған пақыр мұсылманның келе жатқан Рамазан оразасына әлденіп, күштеніп алсын дегендік.

Алла құлшылықтарымызды қабыл етсін!


[1] Нәсәи – 2357 хадис.
[2] Ибн Мәжә: Сүнән - №1388 хадис.

Абдусамат Қасым