Арақ ішіп алған адам бауыздаған малдың еті адал ма?
Арақ ішіп алған адам бауыздаған малдың еті адал ма?
4 жыл бұрын 8326

Арақ ішкен адам «бисмиллані» айтып мал бауыздаған болса, оның үкімі қалай болады екен?

Егер, арақ ішкен адам «бисмилләні» саналы түрде айтып бауыздаған болса, сойған малының еті адал[1].

Осы тұрғыда, "бисмиллə" сөзінің айтылуына қатысты біршама талаптар қарастырылған. Оларды да бере кетелік:

1. «Алла» есімі айтылған болуы керек. Мысалы, Аллаһу азим, Аллаһу Рахман, Аллаһу әкбар, сүбханаллаһ, лә иләһә иллаллаһ, әлхамдулиллаһ т.б. "Алла" сөзі қамтылған бұндай зікір-таспихаттарды "бисмилләнің" орнына айтуға болады. Алайда, "Алла" сөзі қамтылған болса да дұға мазмұндас сөздер "бисмилләнің" орнына жүрмейді. Мысалы, Аллаһуммәғфирли (Алла күнәмді кеш) деген сияқты.

Дегенмен, Пайғамбарымыздың үйретуі бойынша, малды соярда "Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар" деген сөзді қолдану мұстахаб (ұнамды). Бисмиллаһир рахманир рахим десе де болады.

2. Бисмиллә сөзін мал бауыздаушының өзі айтуы керек. Егер, басқа біреу айтып, бұл бауыздаса, ол жарамсыз.

3. Бисмиллəні айтқаннан кейін басқа нәрселермен шұғылданбай, бірден бауыздау ісіне көшкен болуы керек. Егер, бисмилланы айтып, басқа нәрселермен шұғылданып кетсе, мысалы, шай ішіп келсе, әжетке барып келсе т.б. онда бауыздар алдында қайта бисмилланы айтуы шарт болады.

4. Бисмилләні мал бауыздау үшін айтқан болуы керек. Егер, басқа ниетпен айтқан болса, мысалы қолынан бір нәрсе түсіріп алған сәтте «бисмиллә» десе, ол айтқаны мал бауыздағанға жарамайды, малды бауыздар сәтінде тағы да айтуы керек. Ешқандай ниетсіз, жай әдет болып қалғаны себепті «бисмилләһир рахманир рахим» деп бауыздаса, онысы есептеледі[2].


[1] Имам Кәсәни: Бәдәиъу - 6/224 бет. "Китабуз зәбәих"
«Әл-Фиқһуль аляль Мәзәһибиль Арбаъа»

Абдусамат Қасым