Алған қарызымды артығымен қайтарып берсем, өсім болмай ма?
Алған қарызымды артығымен қайтарып берсем, өсім болмай ма?
2 жыл бұрын 3352

Ассаламуағалайкум! Бір адамнан, мысалы, 10 мың алып, кейін қайтарғанда 15 мың қылып қайтарам десем бола ма? А.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Егер, қарыз аларда екеуара «артығымен қайтару» келісімі болмаған болса, немесе қарыз беруші тарапынан артығымен қайтару шарты қойылмаған болса, қарыз алушы кісі қарызын қайтарарда артығымен қайтара алады, тіпті онысы жақсы іс саналмақ. Кейде Пайғамбарымыз (с.а.у.) алған қарызын артығымен қайтарып беретін болған. Сахаба Жәбір (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымызда (с.а.у.) қарызым бар еді. Қарызымды алуға келгенімде, қарызымды артығымен берді». («Сахих Бұхари», «Сахих Мүслім»).

Бірақ, екеуара алдын-ала артығымен қайтаратын болып келіссе немесе қарыз беруші артығымен қайтарасың деп талап қойса, ол өсім болмақ. Ал артығымен өтеу мәселесі еш қозғалмай, борышкер өз еркімен борышын қайтаратын кезде артығымен қайтарып жатса, оған рұқсат.

Сол себепті, егер сіз қарыз берушіге қарыз алар кезде «он мыңды, он бес мың қылып қайтарамын» деп айтқан болсаңыз, оныңыз алдын-ала келіскенге жатады деген ойдамыз, сондықтан да, өсім болмас үшін, үстінен ақша қоспай он мыңның өзін қайтарған жөн, ал ондай әңгіме еш қозғалмастан, кейіннен өзіңіз он бес мың қылып қайтарып жатсаңыз, оған рұқсат. Аллаһу аъләм.  Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

Абдусамат Қасым