«Бинарлы опцион» (бинарный опцион) дейтін табыс көзі халал ма?
«Бинарлы опцион» (бинарный опцион)  дейтін табыс көзі халал ма?
10 жыл бұрын 7707

«Бинарлы  опционнан» ақша табу халал ма? Махамбет Туримов. 

Құрметті Махамбет, «бинарлы  опцион» дегеніміз – базалық актив  (бағалы қағаз, валюталар, тауарлар т.б.) бағасының белгілі уақыт ішінде қымбаттауын немесе арзандауын болжау деген сөз. 

Мұндағы салымшының міндеті актив құнынын төмендеуін немесе жоғарлауын таңдау болып табылады. Егер бағасының көтерілуін болжап отырсаңыз «call action»-ды сатып аласыз. Ал төмендейді десеңіз, онда «рut action»-ды сатып аласыз. Болжамыңыз дұрыс шықса, ұтасыз. Жаңылыссаңыз тіккен ақшаңыз күйеді. Қысқаша айтқанда «биннарлы опцион» - қандайда бір базалық актив бағасының көтерілуіне немесе төмендеуіне ақша тігу дегенді білдіреді. Сондықтан да бұны «казиномен» салыстыратындар да бар.

Барлық операция интернет арқылы жүзеге асады. Бұл сауда түрімен айналысқыңыз келсе, алдымен брокер таңдайсыз. Таңдаған брокердің сайтына кіріп, сонда тіркелесіз. Жеке шот ашып, соған ақша саласыз. Одан сон тізімде көрсетілген базалық активтердің бірін таңдайсыз. Мысалы, сіз мұнайды таңдадыңыз делік. Егер сіз белгілі уақыт ішінде мұнай бағасының көтерілуіне сенімді болсаңыз, «сall»-ды басасыз. Болжамыңыз дұрыс шықса, ұтасыз. Жаңылыссаңыз тіккен ақшаңызды жоғалтасыз.

Аталмыш сауда түрі халал емес деген пікірдеміз. Себебі шариғатта көрсетілген кейбір "сауда негіздеріне" теріс. Атап айтсақ:

  1. Бинарлы опционда салымшының болжамы дұрыс келсе, олжаға кенеледі, қия басса, шығынға ұшырайды. Яғни, болжамның арты бұлыңғыр. Мұны шариғатта «ғарар» дейді. Ал «ғарарды» Пайғамбарымыз (с.а.у.)  харам еткен[1].
  2. Бұл сауда түрі біршетінен құмар ойнына да ұқсайды. Ұтамын деген үмітпен  ақшасын тіккен адам, қателескен жағдайда жер сипап өкініште қалады. Құмар ойыны Ислам дінінде ауыр күнә екені белгілі.

Бұнымен қатар, жалпы «опционды саудаға» қатысты 1992 жылы Бүкіләлемдік Фиқһ Ұйымы «шариғатқа сай емес» деген пәтуа шығарғанын да айта кетелік[2]. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


[1] Дәрими сүнәні, Китабуль Буюғ – 2554 хадис.
[2] http://www.fiqhacademy.org.sa/qrarat/7-1.htm

Абдусамат Қасым