Мұсылман емес елдерде шарап сынды харам заттарды сатуға болады деген пәтуа бар ма?
Мұсылман емес елдерде шарап сынды харам заттарды сатуға болады деген пәтуа бар ма?
21 күн бұрын 1018

Ассаляму алейкум уа рахматуллахи уа баракятух! «Даруль харбта» темекі немесе шарап сынды харам заттарды сатумен айналысатын адамға күнә емес деп айтады. Осы мәселеде не айтасыз? Ханафи мазхабының ғалымдары бұл жөнінде қандай пікірлерге тоқталды? Олжас.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ислам шариғатында «Даруль харб», «Даруль Ислам» және «Даруль ъаһд» деген терминдер бар.

  • Даруль харб дегеніміз, соғыс жағдайындағы діні бөтен ел.
  • Даруль Ислам дегеніміз, мұсылмандар басқаратын шариғат заңы үстем болған ел.
  • Даруль ъаһд дегеніміз, мұсылман елімен соғыспауға келісім жасасқан мұсылман емес ел.

Ханафи мәзхабында Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммед бойынша, «Даруль харб» үкіміндегі елде шарап сатуға, өсімге ақша беруге, құмардан тапқан ақшаны берсе алуға т.б. исламда тыйым салған сауда түрлерін жасауға болады. Алайда, Имам Әбу Юсуф бұл пәтуамен келіспеген. Ол (р.а.) бойынша, қай елде болса да мұсылман адамға харам затты сатуына жол жоқ. Үш мәзхаб ғұламалары да осы ұстанымды дұрыс көрген: "мұсылман адам қай елде болса да харам заттарды саудалай алмайды" дейді олар.

Демек, "даруль харбта шарап сықылды харам затты сатуға болады" деген пәтуа Ислам ғалымдарының көпшілігі тарапынан қолдау көрмеген. Бүгінде дін ғалымдарының басым көпшілігінің байламы да осы жөнде, сондықтан да, мұсылман адамға қай елде жүрсе де діннің харам еткен дүниелерін сатуға және онымен табыс табуға болмайды. Бұл тоқтам - Исламның негізгі принциптерімен де көбірек ұштасады1.

 Абдусамат Қасым


1Оның үстіне бүгінде мұсылман емес елдер - «Даруль харб» емес, «Даруль ъаһд» (دار العهد) өлкелері саналады, яғни, өзара достық қарым-қатынаста болуға келісім жасасқан елдер. Сондықтан да, ол елдерде де Әбу Ханифа бойынша да діні бөтен Европа жерлерінде мұсылманның шарап сатып, «өсім» жеуіне, не өсім жегізуіне рұқсат жоқ дейді қазіргі фиқһ мамандарының бірі мархұм Уахбату аз-Зухайли (Уһбату аз-Зухайли: Фәтәуа муасыйра. Дамаск-Сирия. 100 бет).