Долларды сатып алып, қымбаттағанда қайта сатсам бола ма?
Долларды сатып алып, қымбаттағанда қайта сатсам бола ма?
9 жыл бұрын 11136

Ассаламуалейкум! Валюталар құбылып тұрған қазіргі уақытта қандай да бір валюта түрін арзан кезінде сатып алып, қымбаттағанда қайта сатып, ақша жасауға бола ма? Әлде харам ба? Қанша дегенмен жеңіл ақша, әрі бәске тігу сияқты көрінеді. Валюта өседі не кемиді деп болжау жасау ше? Мирас Кесебай

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қандайда бір валютаны сатып алып, оны қымбаттағанда қайта теңгеге айырбас жасаудың күнәсі жоқ. Оны фиқһ тілінде «сарф» дейді. Мысалы, долларды арзан кезінде сатып алып, оны қымбаттағанда қайта теңгеге айырбас жасаудың ешқандай харам жері жоқ. Тек, айырбас - араға уақыт салмай жасалуы тиіс. Хадисте бұл нәрсе «Ядән би Ядин – қолма-қол» деп келеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің хадис-и шәрифінде: 

«فَإِذَا اخْتَلَفَتْ هَذِهِ الْأَصْنَافُ، فَبِيعُوا كَيْفَ شِئْتُمْ إِذَا كَانَ يَدًا بِيَدٍ»

"Егер, бұлар әртүрлі сорттан болса, қолма-қол болу шартымен қалағандарыңша саудалаңдар (сатыңдар)", - деген.

"Қолма-қол" дегеннің мағынасы - валюта саудасының араға уақыт салмай "мә саған-мә маған" әдісімен жүзеге асуы. (Бұл "ақиқи" және "хукми" болып екіге бөлінеді). Егер, араға уақыт салынатын болса, риба, яғни, өсімқорлық туындайды. Мысалы, теңгені алдын-ала алып, долларды ертең берем десе, бұл жерде "қолма-қолдылық" қағидаты жүзеге аспаған болып, нәтижесінде "өсім" туындайды. Өсімге дінде рұқсат жоқ.  

Валюта қымбаттайды немесе арзандайды деп болжам жасаудың ағаттығы жоқ[1].


[1] Осы тұрғыда мына мәселені айтпай кетуге болмайды: белгілі бір валютаны көп мөлшерде сатып алып, оның тапшылығы себепті бағасы шарықтап, адамдар қиындыққа, тарлыққа тап болып жатса, оның кесірінен саудагерлер шығынға ұшырап, ел экономикасына зияны тисе, оны саудаға салмай, сақтап қоюы (қымбаттасын деп) күнә болады. Мұны "ихтикәр" дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) олай істегеннің лағынетке ұшырайтынын айтқан.

.    

Абдусамат Қасым