Досым бұрын менен жүз доллар қарыз алған еді, енді қайтарар кездегі туындаған арадағы артық ақша өсім емес пе?
Досым бұрын менен жүз доллар қарыз алған еді, енді қайтарар кездегі туындаған арадағы артық ақша өсім емес пе?
2 жыл бұрын 6693

Мен біреуге 100$ қарыз бердім. Ол кезде100$, 45000 теңге болатын. Үш айдан кейін қарызды қайтарды. Қайтарар күні 100$, 55000 болды. Арадағы 10 мың теңге маған халал ма, харам ба?

Құрметті сауал жолдаушы, ереже бойынша «қарыздың алған кездегі құны емес, оның берілген сәттегі мөлшері мен берілген валюта түрі өтеледі (теңге болса теңгелей, доллар болса доллардай қайтарады). Бұл дегеніміз, қарызға берілген ақшаның бастапқы кездегі (берген сәттегі) құнының өсуіне немесе арзандауына қарамастан, алған кездегі түрі мен мөлшері қайтарылады. Сол себепті, танысыңыз сізден алған 100 доллар қарыз ақшаны, доллар күйінше қайтаруы шариғат ережесіне сай. Ал сол уақыт ішінде доллардың құны көтерілгені себепті, арадағы 10 мың теңге пайда - сізге халал.

Қашан сізге арам болар еді?

Егер, сіз танысыңызға «теңгелей» 45 мың теңге қарыз беріп, бірақ оған: «қайтарар кезде доллармен 100 доллар қылып қайтарасың» деп шарт қойсаңыз, ол харам іс болады. Өйткені, қарыз берерде шарт қою харам[1]. Және де бұл – «пайда әкелер қарыздың бәрі, өсім» деген қағида аясына кіреді[2]. Мұндай жағдайда (шарт қойған жағдайда), танысыңыз сізден алған теңгелей қарызды, доллармен қайтарған кезде, арадағы артық ақша, өсім болып, сіз үшін арам табыс болар еді. Алайда, сіздің жағдайда олай емес. Алған жүз долларды - жүз доллар күйінше қайтарып беріп отыр, ал доллар қымбаттағаны себепті арада туындаған артық ақша өсім емес, яғни, адал. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Ханафи ғалымдарынан Ибн Ғабидин (рахимаһуллаһ): «Шарт қойып қарыз беру харам. Қойған шарты жоққа есеп» деген.
[2] كلُّ قرضٍ جرَّ نفعًا فهو ربًا

Абдусамат Қасым