Дүкендерден несиеге зат алуға бола ма?
Дүкендерден несиеге зат алуға бола ма?
7 жыл бұрын 22542

Сұрақ №: Әссәләмуғалейкум! Сұрақ: Рассрочкаға (бөліп төлеу) қандай да бір зат алуға бола ма? Шолпан

 

Сұрақ №2: Әссаламалейкум! Қазіргі уақытта адамдарға қажетті нәрселерді алу өте оңай болды. Соның бірі авто салоннан несиеге (расрочка)авто көлік алу болып табылады. Бір жағы өте қолайлы дейді адамдар. Осындай жолмен көлік алуға бола ма? Аллаһ Тағала разы болсын!  Дәулет

 

Сұрақ №3: Әссәләмуғалейкум! «Рассрочка» мәселесін түсіндіріп бересіз бе? Шариғатта үкімі қандай? Алла разы болсын! Нұрлан Сармалаев

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Несиеге зат сатуды шариғатта «әл-Байъу ән-Нәсия» немесе «әл-Байъу лиль әжәл» яки «әт-Тақсит» деп атайды. 

Жалпы алғанда несиеге зат сатуға және несиеге зат алуға дінде рұқсат бар. Бұл "несиеге ақша бергендік" емес. Ардақты Пайғамбарымыз бір яһуди саудагерге өзінің темір сауытын кепілдікке қалдырып, несиеге азық-түлік алғандығы риуаяттарда айтылады[1].  Хадистің арапша нұсқасында «Тағамән би нәсиятин» деп келеді.

Сондай-ақ, Ислам ғұламаларының басым көпшілігінше (соның ішінде ханафи ғалымдарынша да), сатушы кісі өзінің меншігіндегі тауарды несиеге берерде нақты ақшаға сатқандағы бағасынан қымбатырақ бағаға беруіне құқылы. (Мұның да өзіндік шарттары бар).  

Бірақ, шариғаттағы «несиеге зат сату» ұғымымен, біздің дүкендердегі «затты несиеге беру» ұғымы арасында айырмашылық бар. Шариғатта – ол, тауардың құнын кейіннен төлеуді білдірсе,  ал, біздегі ұғымда «тауар алу үшін банктен несие рәсімдеу» дегенді білдіреді.  

Бірақ, шариғаттағы «несиеге зат сату» ұғымымен, біздің дүкендердегі «затты несиеге беру» ұғымы арасында айырмашылық бар. Шариғатта ол – тауардың құнын кейіннен төлеуді білдірсе,  ал, біздегі ұғымда «тауар алу үшін банктен несие рәсімдеу» дегенді білдіреді.

Мысалы, бағасы 150 000 теңге тұратын ұялы телефонды нақты ақшаға алуға шамасы келмеген кісіні дүкенде орналасқан банк өкілдеріне несие рәсімдеуге жібереді. Банк алушының атынан ұялы телефонның құнын төлеп, кейіннен одан айма-ай берген ақшасын алып отырады. Алайда, банк мұнда дүкенмен арадағы келісім бойынша, жалпы төленуі керек соманың 15% ұстап қалады. Сонда, қағаз жүзінде ұялы телефонды 150 000 теңгеге алды деп көрсетілгенімен, іс жүзінде банк дүкенге 127 000 теңге өтейді. Арадағы 23 000 теңге - банктің үлесі. Мұны ол несие рəсімдеген кісіден алады.

Қарапайым түрде айтқанда:  банк сатып алушының орнына заттың бағасын төлеп, кейіннен одан (сатып алушыдан) үстеме ақшамен айма-ай ақша алып отырады. Бұл процентке қарыз берумен тең. Мұнысы "өсімқорлық" болып саналатындықтан, шариғатта оған жол жоқ.  

Сондықтан да, банк арқылы несиеге сатылатын заттарды аса зәру жағдайда болмаса, алмаған дұрыс. 


[1] Сахих Бухари. اشْتَرَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنْ يَهُودِيٍّ طَعَامًا بِنَسِيئَةٍ وَرَهَنَهُ دِرْعَهُ

Абдусамат Қасым