Исламда қуыршақ жасап, сатуға бола ма?
Исламда қуыршақ жасап, сатуға бола ма?
8 жыл бұрын 10265

Сәлеметсіз бе? Өз қолыммен ойыншықтар жасап шығарсам бола ма? Құранда осы жайлы қандай үкім айтылған?

Сәлеметсіз бе! Жанды заттардың бейнесін кескіндеуге қатаң тыйым салған хадистерді назарға ала отырып, ғалымдардың бір шамасы жанды заттың мүсінін жасауға болмайды деген. Дегенмен, жас балалардың қуыршағын немесе басқа да жанды заттың бейнесіндегі ойыншықты жасауға рұқсат[1]. Себебі, Әбу Дәуідтің хадис жинағында келтірілген бір риуаятта Айша анамыздың екі қанатты ойыншық аты болған. Ол туралы Айша анамыз былай дейді:

Пайғамбарымыз менен:
- Мынау не? - деп сұрайды.
- Ат! - деп жауап бердім.
 - Екі жанындағы не?
 - Екі қанаты.
 - Екі қанатты ат екен ғой.
 - Менің естуімше, Сүлеймен пайғамбардың да қанатты аты болған екен, - дегенім сол еді, Ол (с.а.у) азу тісі көрінердей қатты күліп жіберді[2]. 

Ендеше, жалпы алғанда ойыншық жасауға, оны тұтынуға, сатуға шариғатымызда рұқсат. Тек мынаны ескеру керек, жасаған немесе сататын ойыншығыңызда бүлдіршіндердің психикасына кері әсерін тигізетін немесе тәрбиесіздікке баулитын дүниелердің бейнесі кескінделмеуі ләзім.   


[1]Әл-Маусуғатуль Фиқһия – 12/112 бет. Кувейт.
[2]Әбу Дәуід, Әдәб – №4932 хадис.

Абдусамат Қасым