Сату менеджері болып жұмыс істеуге шариғат рұқсат ете ме?
Сату менеджері болып жұмыс істеуге шариғат рұқсат ете ме?
4 жыл бұрын 8544

Ассалаумағалейкум! Мен бір фирмада менеджер болып жұмыс істеймін. Мұнда келісімшарт бойынша сатқан тауарларыңнан түскен пайданың белгілі бір пайызы еңбекақы ретінде беріледі. Осындағы пайыз ақша өсім болып есептеле ме?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Сату менеджері болып жұмыс істеудің (менеджер по продажам), жалпы алғанда, дінімізде ағаттығы жоқ. Ол да дініміздегі «симсар» деп аталатын делдалдықтың бір түрі. Дәлірек айтқанда ол мамандық – шариғаттағы «Әжирун Хоссун», яғни, белгілі уақытқа сату не сатып алу ісімен айналысуға жалданған кісі дегенге саяды. Фиқһ кітаптарындағы мәліметке қарағанда, мұндай кісі, сату ісін жүзеге асыра алмаса да белгіленген айлығын алады. Осы жөнінен қарағанда қазіргі таңдағы «Сатушы менеджерлік» мамандығы көбінесе осыған (әжирун хосс) ұқсас. Менеджер маманы да саудасы жүрмеген айларында белгілі айлығын алып отырады. Әдетте менеджердің тұрақты айлығының мөлшері аз болып, негізгі табысын - сатқан саудасынан көреді.

Бірақ, сату менеджерінің шариғатқа томпақ келер екі тұсы бар:

  1. Табысы сатқан тауарына байланысты болғандықтан, нақты қанша табыс түсірері беймәлім. Осы жөні – шариғаттағы «еңбек ақысы нақты белгілі болу керек» деген ережеге сай емес. Сондықтан да, көпшілік Ислам ғалымдары аталмыш мамандықтың осы жөнін шариғатқа томпақ көреді. Дегенмен, Мәлики мәзхабындағы кейбір тұжырымға және Ханбали мәзхабында келтірілген басқа бір пәтуаға сүйене отырып, менеджерлердің әр сатқан тауарынан белгілі пайызда еңбекақыларын алып отыруын халал санайтын бірді-екілі дін мамандары бар. Өйткені, мұндағы мақсат «беймәлімдікті болдырмау және одан туындар ұрыс-керістің алдын алу». Ал қазіргі дәстүрлі сауда-саттықтағы делдалдарға (менеджер, брокер, агент, рэлтор) берілетін ақының пайызы нақты белгілі, ол жерде ешқандай ұрыс-керісті тудыратындай беймәлімдік жоқ дейді олар[1].  
  2. Шариғатқа томбақ көрінген екінші тұсы - бұндай мамандық иесі сатқан тауарынан белгілі пайыз еңбекақы алумен қатар, оның тұрақты айлығы да бар. Бұны қазіргі кейбір шариғат танушы ғалымдар Ханафи мәзхабындағы: «ақы мен айыппул (немесе үстеме ақша) бір жерде топтаспайды»  деген қағидаға теріс көреді[2]. Мысалы, Ислам фиқһ мамандарының бірі Доктор Аләуддин әз-Зәътәри, аталмыш қағида негізінде, сату менеджерлерінің сатқан тауарынан белгілі пайыз табыс алулары және тұрақты айлық алулары дұрыс емес. Екеуінің бірін алған болуы керек деген тұжырым білдірген[3]. Алайда, Ханбали ғалымы Ибн Құдама өзінің атақты «әл-Муғни» атты фиқһ кітабында: «әлдекім бір киімнің сатқаннан түскен табыстын үштен бірін беремін деп ол киімді тіктірсе болады, бірақ оған қосымша бір-екі дирхам беремін десе болмайды» деген бір пікірді келтіреді де жалғасында: «Ибн Сирин, Ибраһим ән-Нәһәъи, Әз-Зуһри, Яъля ибн Хәким дегендер бұған «болады» деп пәтуа берген» - деген мәліметті де келтіреді[4]. Осы соңғылардың тұжырымына қарасақ: менеджерлердің тұрақты еңбек ақыларымен қатар, сатқан тауарынан белгілі пайыз табыс алуларының да ағаттығы жоқ.

Қорыта айтқанда, сату менеджері маманы болып жұмыс істеудің күнәсі жоқ (әрине, егер адал заттар сатылатын фирмада істесе). Оның айма-ай алатын тұрақты, белгілі еңбекақысы халал. Оның халалдығы жөнінде ғалымдар арасында талас жоқ. Ал, айлығымен қоса, әр сатқан тауарынан алатын табысын кей ғалымдар шариғатқа томпақтау көрсе, кей ғалымдар ағат санамаған.

Уәлхамду лилләһи роббиль аләмин!


[1] Холид Абдулла: «Ахкамус самсара филь фиқһиль Ислами». 
[2] الأجر والضمان لا يجتمعان
[3] Шейх Доктор Аләуддин әз-Зәътәри: «Сату менеджері болып жұмыс істеуге бола ма?» деген сұраққа берген видео жауабынан.
[4] Абдулли бин Ахмед ибн Құдама әл-Мақдиси: «әл-Муғни фи фиқһиль Имам Ахмед ибн Ханбәл әш-Шәйбәни».

Абдусамат Қасым