Шошқа асырау және оны сату харам ба?
Шошқа асырау және оны сату харам ба?
4 жыл бұрын 21329

Ассалаумугалейкум! Шошқа асырау харам ба? Және де насвай сатып пайда табуда дұрыс емес пе? Али Бақытжан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Бәріңізге белгілі мұсылман дінінде шошқа харам хайуан. Шошқаны Құранда «нәжіс» деп сипаттаған. Оның харамдығы Құранның төрт жерінде айтылады[1]. Исламда шошқаның болмысы, тұлабойы – түгелдей нәжіс. Доңыздың еті мен майы тұрмақ, терісінің өзін қанша иленсе де мұсылмандар үшін пайдалануға рұқсат жоқ. Жүнін де пайдалануға болмайды.

Сондықтан да, шошқаны асырау, оны сату – Ислам дінінде харам әрекет. Ол жайында Ислам ғұламалары арасында талас жоқ.

Шошқаны сатудың харамдығы жайында Алла елшісінің (с.а.у.) мынадай бір хадисі бар:

إنَّ اللهَ ورَسولَه حَرَّمَ بَيعَ الخَمرِ والمَيْتةِ، والخِنزيرِ والأصنامِ

«Шынында Алла Тағала шарапты сатуды, өлексе малды сатуды, доңызды сатуды және пұттарды сатуды харам етті»[2].

Басқа бір хадисінде:

«وإن الله عز وجل إذا حرم أكل شيء حرم ثمنهُ»

«Шынында Алла Тағала бір нәрсені жеуді харам еткен болса, одан түскен табысты да харам етті», - делінген[3].

Осыдан келіп, фиқһ ғұламалары доңыз хайуанының «мәлун мүтәқаууим» санатына жатпайтындығына байлам жасап, оған қатысты сауда келісімшартының жүзеге аспайтындығына үкім еткен. Өйткені, саудадағы келісімнің дұрыс болуының басты шарты - ортадағы тауар «мәлун мутақаууим», яғни, шариғатта адал саналатын, пайдалануға рұқсат етілген зат болуы ләзім.  

Қорыта айтқанда, мұсылман адамның шошқа асырауы және оны сатумен айналысуы – ауыр күнә, әрі харам іс.

Насыбайды сатуға келер болсақ, насыбай саудасы – ең жоқ дегенде харамға жақын мәкруһ болмақ. Себебі, насыбайдың да адам денсаулығына тигізер кері әсері бары бүгінде анықталып отыр. Ислам дінінде зиянды жаман нәрселер харам саналған. Бұған байланысты Құран Кәрімде былай делінеді: «Ол жақсы нәрселерді халал етіп, жаман нәрселерді харам етеді», - делінеді аятта[4].


[1] «Бақара» сүресі, 173 аят, «Маида» сүресі, 3 аят, «Әнғам» сүресі, 145 аят, «Нәхл» сүресі, 115 аят. 
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». №2236 хадис.
[3] Имам Ахмәд. «әл-Мүснәд».
[4] Құран Кәрім: «Аъраф» сүресі, 157 аят.

Абдусамат Қасым