Массаж жасаушы болып жұмыс істеуге бола ма?
Массаж жасаушы болып жұмыс істеуге бола ма?
4 жыл бұрын 9750

Ассәләму'алейкум! Сұрағым: Шариғатмызға сай ер адам массаж жасауға бола ма? Массаж жасаудан табылған табыс халал ма? Тек, ер адамға жасасам және әурет жеріне қарамасам бола ма? Жандос.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қадірменді сауал жолдаушы, массаж жасаушы болып жұмыс істеудің діни тұрғыда әбестігі жоқ. Бірақ, оның да өзіндік кейбір діни талаптары барын ескерген жөн. Атап айтсақ:

  1. Ер адам ер адамға ғана массаж жасауы тиіс. Ер адамның жұбайынан өзге бөтен әйелдерге массаж жасауына болмайды.
  2. Әйел адам, тек әйел адамға ғана массаж жасауы тиіс. Өз күйеуінен (не баласынан) өзге бөтен еркектерге массаж жасауы күнә.
  3. Массаж жасатушының ғаурат жерлері жабық болуы тиіс. Еркектің ғаурат жерлері – кіндік пен тізе арасы. Әйелдің әйел адамының алдындағы ғаурат жерлері – кіндік пен тізе арасы. Ғаурат жерлерге қарауға да, зәру жағдай болмаса, қол тигізуге де болмайды.
  4. Мұсылман әйелдерге массажды мұсылман әйел жасауы тиіс. Сондықтан да, мұсылман әйелдер массаж жасатарда мүмкіндігінше, массаж жасаушы мұсылман әйелді таңдағандары дұрыс.    
  5. Әйел кісілер мүмкін болса, массаж салондарына бармай, мүмкіндігінше массажды өз үйлерінде жасатқандары абзал. Өйткені, дінімізде әйел баласының өз үйінен өзге жерлерде шешінулері құп көрілмеген (мәжбүр жағдайларда болады)[1]. 

Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


[1] Әбу Дәуід: Сүнән. №4010 хадис.: «Қайсы-бір әйел үйінен басқа жерде шешінетін болса, онысы – Алла мен өзінің арасындағыны жыртқаны». Хадис.

Абдусамат Қасым