Торттарға адамның мүсінін бейнелеуге бола ма?
Торттарға адамның мүсінін бейнелеуге бола ма?
6 жыл бұрын 5331

Ассаламуғалейкум! Бір баурымыз сұрап еді. Ол жігіт кондитер болып жұмыс жасайды. Оған тапсырыстар келіп түседі. Олардың ішінде адам бейнесін т.б бейнелер салып торт пісіру де бар екен. Осы бейнелерді салуға бола ма дейді? Есімбек

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһ уә бәракәтуһ!

Деректерге сүйенсек, ертеректе өмір сүрген Ислам ғұламаларының көпшілігі тәттіге де тірі жанның мүсінің бейнелеуге болмайды деп есептеген. Ол да Пайғамбарымыздың (с.а.у.) тыйымы аясына кіреді дейді[1].

Әйткенмен, ұзақ сақталмайтын заттардан салынған мүсіндерге рұқсат дейтін ғұламалар да болды. Соның бірі Имам Құртуби өзінің тәпсірінде: «Жас қыздардың ойыншықтары тыйымның аясына кірмейді...Тәттіден немесе қамырдан жасалған мүсіндер де солай. Олар сақталмайды», - деген[2].  

Қорытындылай келе, мүмкін болса торттарға да тірі жанның мүсінін бейнелемеген абзал. Бейнелесе де күнәсі жоқ. Одан бөлек, табиғаттың бейнесін, түрлі ғимараттардың, көліктердің т.б. жансыз заттардың бейнесін бейнелеуге рұқсат. 

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Бухари – 5950: «Қиямет күні Алланың алдында адамдардың ең ауыр азапқа ұшырайтындары – суретшілер».
[2] Имам Құртуби: Сәбә сүресі, 13 аят тәпсірі. 

Абдусамат Қасым