Ғашықтық
Ғашықтық
4 ай бұрын 2819
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Сүюді ләззат беретін нәрсеге көңілдің аууы десек, ол сезімнің кейіннен нығайып, қүшеюін «ғашықтық» дейміз. Кісі ғашық болғаннан кейін өзінің сүйіктісіне жіпсіз байланып, бар дүниесін оның жолына пида етуге дайын болады.

Зилиханың Юсуф пайғамбарға (ғалейһиссәләм) деген махаббаты неге жеткізгенін көрдің бе? Оның барлық дүниесі мен сұлулығы сол махаббаты жолында кетті. Зилиханың жетпіс түйеге жүк болар асыл тастары мен алтын алқалары болған екен. Соның бәрін Юсуфқа деген махаббатының жолына жұмсады. Егер әлдекім «бүгін Юсуфты көрдім» десе болды, Зилиха ол кісіге қымбат алқасының біреуін сүйіншіге бере салады екен. Осылай бүкіл байлығын тарқатып тастап, ештеңесі қалмапты.

Зилиха барлық нәрсені «Юсуф» деп атаушы еді. Ғашықтық тереңіне бойлағаны соншалықты, Юсуфтан басқасын ұмытты. Қашан аспанға қараса, көзі түскен жұлдыздарда Юсуфтың есімін көретін. Риуаяттарға қарағанда, Зилиха мен Юсуф үйленгеннен кейін, Зилиха оңашаланып, өзін құлшылыққа арнап, бүкіл болмысымен Жаратушысына жөнелген екен... 

Және де аңыз бойынша Ләйләға өлердей ғашық болған Мәжнуннен біреу:

- «Атың кім?» - деп сұрапты. Ол: 

- «Атым - Ләйлә» - деп жауап беріпті.

Және күндердің бірінде оған біреу:

- «Ләйлә қайтыс болған жоқ па? - дегенде, Ол: 

- «Жоқ, қайтыс болған жоқ. Ләйлә жүрегімде. Мен - Ләйләмін» - депті. 

Тағы бірде Мәжнүн Ләйләның үйінің жанына барып аспанға қарап тұр екен. Оны көрген біреу оған:

- «Әй, Мәжнүн! Аспанға қара ма, Ләйләның үйінің қабырғасына қара, мүмкін Ләйләның бейнесін көрерсің!- депті. Сонда Мәжнүн:

- «Ләйланың үйіне көлеңкесі түсіп тұрған жұлдызға қарасам жеткілікті» - деген екен (осылайша "Ләйлә, Ләйлә" деп жүріп, ақырында Мәуләсына жеткен екен-ауд.).

Бірде Хәлләж Мансурдың (рахимаһуллаһ) тұтқынға алынғанына он сегіз күн өткенде, Шибли (радияллаһу анһ) оған барыпты:

- Уа, Мансур! Махаббат деген не?- деп сұрапты Шибли. Сонда Ол (Хәлләж): 

- Бүгін менен сұрама. Ертең сұра, - депті. Ертесіне оған берілген өлім жазасын жүзеге асыру үшін жауапты адамдар оны сыртқа шығарып, аяғының астына теріден істелген төсенішті төсепті. Шибли оның алдына барып тұрыпты. Сонда Хәлләж Мансур оған дауыстап:

- Ей, Шибли! Махаббат деген, басы - өрт, аяғы - өлім! - деген екен.

Хәлләж Мансурдың дүниетанымынша Алладан басқаның бәрі жалған. Алла ғана ақиқат, Ол ғана хақ. Осыған әбден тұла бойымен сенгені соншалықты, ол өзінің есімін ұмытып, одан: «Сен кімсің?» - деп сұраған кезде, ол: «Мен - Хақпын!» - деп жауап беретін болған. 

 Шынайы махаббаттың белгілері үшеу делінген:

  1. Сүйіктісінің сөзін өзгенің сөзінен артық көреді.
  2. Өзгемен отырғаннан гөрі, сүйіктісімен отыруды таңдайды.
  3. Сүйіктісін риза қылуды - өзгені риза қылудан бұрын қояды. «Мүнтәһә» кітабында солай айтылған.

Мұхаммед Бағдади Басра қаласында, биік тамның төбесіне шығып алған жас жігітті көріпті. Жігіт төбеде тұрып былай деп дауыстап тұр екен: «Кім ғашық болып өлсе, осылай өлсін. Өлмесең ғашықтықтан пайда жоқ» депті де, төмен қарай секіріп кетіпті. Адамдар барса, жігіт мәйіп болыпты. Жүнәйд Бағдади айтқан (рахимаһуллаһ): «Сопылық - таңдауеркіндікті қою деген сөз» деген екен. (Яғни, Алланың бұйрығына келгенде таңдау жоқ). 

Бір кісі машаихтардың бірінен «Аллаға ғашық» адамның күйі жайында сұрапты, сонда машаих оған: «Аллаға ғашық адам - аз араласады, көп оңаша қалады, әрдайым ойда, сөйлемейді, қараса да көрмейді, тыңдаса да естімейді, сөйлеген адамның сөзін түсінбейді, басына бір қайғы келсе, қайғыланбайды, аш-жалаңаш екенін аңғармайды, ауыр сөздерден қорықпайды. Оңашада Алла Тағалаға қарайды, онымен сөйлеседі, одан жәрдем тілейді. Дүние иелерімен дүниелік істері жайында таласпайды» деп сипаттапты.

Біліп қой, Алланың мейіріміне бөленгір! Пенденің Аллаға және оның пайғамбарына деген махаббаты - ол екеуіне бойсұнып, екеуінің бұйрығын орындау арқылы көрініс табады. Ал Алланың махаббаты - пендесін өзінің кешіріміне бөлеу дегенді білдірмек. Құранда Алла былай деген: «Егер, Алланы жақсы көрсеңдер, маған ілесіңдер, сонда Алла да сендерді жақсы көреді, деп айт» делінген. («Әли Имран» сүресі, 31 аят). Хасан бойынша, бір топ адамдар Алла елшісіне келіп: «Уа, Мұхаммед! Біз Алланы жақсы көреміз» депті, сонда Алла Тағала осы аятты түсірген екен.

Кейбір кісілер айтқан: «Егер, бір шейхтың көкте ұшқанын немесе теңіздің бетімен жүргенін яки отты жұтқанын т.б. осы сияқты кереметтерін көрсең, бірақ Алланың парыздарының бірін немесе сүннеттердің бірін әдейі тәрк еткен болса, біліп қой, ол жалғаншы, ал оның кереметі – керемет емес, «истидраж» болып табылады» деген екен. Алла сақтасын!

Жүнәйд Бағдади былай дейді: «Аллаға тек Алламен жетуге болады. Ал оған жетудің жолы - Мұхаммед Мұстафаға ілесу». (Саллаллаһу алейһи уә сәлләм).

Сәһл рахимаһуллаһ айтқан:

«Алланы жақсы көрудің белгісі - Құранды жақсы көру. Алланы және Құранды жақсы көрудің белгісі - Пайғамбарды жақсы көру. Пайғамбарды жақсы көрудің белгісі - оның сүннетін жақсы көру. Оның сүннетін жақсы көрудің белгісі - ақыретті жақсы көру. Ақыретті жақсы көрудің белгісі - дүниені жек көру. Дүниені жек көрудің белгісі - ақыретке жетететін азықты ғана алу» деген екен. 

ӘбулХасан әз-Зинжәни былай деген: «Құлшылықтың негізі үш тірекке сүйенген: көз, жүрек және тіл. Көз - ғибраттау. Жүрек - пікірлеу. Тіл - шындықты айту, тәспих, зікір айту»1.


Имам Ғазалидің: «Мүкәшәфәтуль Құлуб» атты кітабынан ықшамдап аударылды.

Аударған А. Қасым.

 

 

0 пікір