Хидаят пен далалат (адасушылық) жайында
Хидаят пен далалат (адасушылық) жайында
5 жыл бұрын 12538
Имам Нуруддин ас-Сабуни р.а. (ө.ж.м. 1184 ж.)

* Хидаят - тура жол.
**Далалат - теріс жол, адасушылық.

Әһлу сүннә айтады:

«Алла Тағаланың (пендені) хидаятқа (тура жолға) салуы – пендеде тура жолға түсуін жаратуы деген сөз. Ал, Алланың далалатқа түсіруі болса, пендеде адасушылықты жаратуы дегенді білдіреді».

Мұғтазилит ағымы болса, былай дейді:

«Алланың хидаятқа салуы – Оның тура жолды көрсетуі. Ал, далалатқа түсіруі – адасқан пендені «адасушы» деп атауы. Немесе (оның мағынасы) пенде өзінде адасушылықты жаратқан кезде, оған «адасушы деп үкім етуі».

Дұрысы – Әһлу сүннәның айтқаны. Өйткені, Алла Тағала өзінің пайғамбары (Мұхаммед) ғалейһиссәләмға былай деген:

«Сен өзіңнің жақсы көрген адамыңды тура жолға сала алмайсың. Бірақ, Алла қалағанын тура жолға салады». (Қасас сүресі, 56 аят).

Егер (Мұғтәзилит ағымы айтқандай) Алланың хидаятқа салуы - тура жолды көрсетуі ғана болғанда, Алла (жоғарыдағы аятта) Пайғамбардан хидаятқа салу (күшін) жоққа шығармас еді. Себебі, Пайғамбарымыз досқа да, дұшпанға да (жақсы көрушіге де, жаман көрушіге де) хидаятты баяндап түсіндірген, оларға тура жолды көрсеткен. (Демек, Алланың хидаятқа салуын «тура жолды көрсетуі» деп түсіну қате).   

Сондай-ақ, Алла Тағала былай деген:

«Алла кімді қаласа, адастырады. Кімді қаласа тура жолға салады». (Фатыр сүресі, 8 аят).

Егер, хидаятқа салудың мағынасы – дұрыс жолды түсіндіру ғана болғанда, осы аятта айтылып отырған бөлім (біреуін адастырып, біреуіне тура жолға салу) жүзеге аспас еді. Өйткені, Алланың тура жолды баяндауы - жалпы бәріне ортақ.

Тура сол сияқты, Алланың далалатқа (адасушылыққа) түсіруі де, мұғтазилия ағымындағылар айтқандай, пендені «адасушы» деп атаудан ғана тұратын болса, онда Алланың қалауымен емес, пенденің қалауымен ғана шектеліп қалар еді. (Ал жоғарыдағы аятта «Алла Тағала кімді қаласа адастырады...» деп отыр). Өйткені, бұл түсінікке қарағанда  адасушылық пенденің қалауы мен таңдау еркіндігіне негізделеді.

Бірақ, хидаятқа салу ісі кейде, тура жолға түсуге себепші, әрі хидаятқа үгіттеуші деген мағынада Пайғамбарымыз ғалейһиссәләмға да тән етіліп жатады. Мысалы, Алла Тағала пайғамбарға қарасты: «Шынында сен тура жолға салушысың» деген. (Шура сүресі, 52 аят). Ондай кезде, ол «хидаятты түсіндіруші және оған үгіттеуші» деген мағынада болмақ.

(Хидаятқа салу ісі Пайғамбарға тән етілгенде, оның мағынасы: хидаят жолын түсіндіруші, әрі сол жолға шақырушы деген ұғымда қабылданады).  

Хидаятқа салу ісін тура жолға түсуге себепші болғандығы үшін Құранға да тән еткен жерлері бар. Мысалы, Алла Тағаланың мына сөзі соған дәлел:

«Шынында мына Құран ең тура жолға салады». (Исра сүресі, 9 аят).

(Бұл жерде Құран Кәрімнің тура жолға түсуге себепші болғаны үшін, Алла Тағала Құранға да хидаятқа салуды тән етіп тұр, бірақ тура мағынасында хидаятқа салушы, ол - Алла).

Сондай-ақ, пенденің адасу жолын таңдауы себепті, Алла Тағала онда адасушылықты жарататындығы жөнінен алып қарағанда, адастыру ісі тікелей Аллаға тән. Ал, сол адасу жолына себепші болуы, әрі теріс жолға үгіттеуі жөнінен қарағанда кейде «адастыру ісі» шайтанға да тән етіледі. Мысалы, Алла Тағаланың мына сөзінде шайтанның былай дегендігі айтылған:

«Және оларды сөзсіз адастырамын, әрі оларды босқа үміттендіремін...». (Ниса сүресі, 119 аят).

Және де (басқа бір аятта) адасуға себепші болғандықтан пұттарға да адастыру ісі тән етіледі. Алла Тағала бір аятында Ибраһим Халилулла ғалейһиссәләм жайында баяндай келе оның мына сөзін келтіреді: «Раббым, олар (яғни, пұттар) көптеген адамдарды адастырды». (Ибраһим сүресі, 36 аят).

Бір іс (яғни, біздің жағдайда адастыру ісі) бір мезгілде Аллаға да, өзгеге де тән етілмесі анық. Ендеше, (Алладан басқаларға қатысты айтылған кезде) оның мағынасы біз айтқандай болмақ.

(Демек, Мәтуриди ақидасы бойынша, Алланың хидаятқа салуы - пендеде хидаят жолымен жүруді жарату дегенді білдіреді екен. Ал, далалатқа түсіруі болса, сол пенденің таңдауына сай онда адасушылықты жаратуы дегенді ұғындырмақ. Мұғтәзилит ағымындағылардың айтқаныдай, Алланың хидаятқа салуы – хидаят жолын көрсетуі емес. Хидаят жолын көрсету басқа, хидаятқа салу басқа. Біріншісі – барлық пендені қамтиды. Екіншісі - тек өзі қалаған пенделерді ғана қамтиды.

Ал, Алланың адасушылыққа түсіруі – пендені «адасушы» деп атауы емес. Олай десек, оны пенденің қалауымен ғана шектеп қояр едік. Ал бұл Құран аятына теріс. Құранда Алла «кімді қаласа адастырады» деген. Аятта адастыру ісі Алланың қалауына тікелей байланысты етіліп тұр. Дұрысы – пенденің таңдау еркіндігіне сай адасу ісін пендеде жаратуы» деп түсінген жөн.

Бірақ, кейде тура жолға салу ісі пайғамбарға немесе Құранға, ал адастыру ісі шайтанға байланысты айтылып жатады. Онысы «себепші» деген ұғымда қолданылған. Пайғамбарлар тура жолға түсуге себепші. Сондықтан, оларға мәжәзи мағынада «тура жолға  салушы» деп қолданылады. Шайтан да пенденің теріс жолға түсуіне себепші. Сонысына қарай «Шайтан адастырады» деп адастыру ісін шайтанға да мәжәзи мағынада тән етілген).  

 «әл-Бидәя фи Усулиддин» атты кітаптан.
Араб тілінен аударып, дайындаған: А. Қасым.


Нуриддин ас-Сабуни (Алла рахымына бөлесін) миләди жыл санауы бойынша, ХІІ-ғасырда Бұхара өлкесінде өмір кешкен Ханафи-Мәтуриди мәзхабының әйгілі кәләм (теология) ғалымдарының бірі. Оның толық аты: Әбу  Мұхаммед Ахмад ибн Мұхаммәд ибн Әбу Бәкір ас-Сабуни. Табақат (автобиография) кітаптарында көбіне «Нуруддин ас-Сабуни» есімімен белгілі. «әл-Мүнтақа мин ъасаматиль әнбия», «әл-Кифая филь Һидая», «әл-Бидая фи Усулиддин» т.б. осы сияқты Ислам ақидасына қатысты жазылған бірнеше еңбектердің авторы. Соның ішінде ең көп танымалы «әл-Бидая фи Усулиддин» (Ақида негіздеріне кіріспе) атты ақида кітабы болып есептелінеді.

 

0 пікір