Жүрегіңді тіліңе құбыла ет. Зікір айтқан сәтте құлшылықтың әдебі мен Раббының ұлылығын сезін. Алла Тағала жүрегіңнің ең терең сырын білетінін, сыртқы іс-әрекетіңді көріп тұрғанын және ішкі сырың мен сөзіңді еститінін жан-жүрегіңмен ұғын.
Жүрегіңді өкініш пен қасіреттің суымен шайып, ішінде (құдайға деген) қорқыныш отын маздат. Сонда жүрегіңдегі ғапылдық пердесі сыпырылып түседі де, сенің Оны еске алуың Оның сені еске алуымен қатар өрбиді. Алла Тағала Құранда: «...Расында, Алланы еске алу (зікір) — ұлы нәрсе» — деген («Анкәбут» сүресі, 45-аят). Өйткені Ол саған еш мұқтаж болмай тұрып-ақ сені еске алады, ал сен Оған зәру бола тұрып еске аласың.
Сондықтан Алла Тағала: «Байқаңдар, жүректер Алланы еске алумен (зікірмен) орнығып, тынышталады» — деген («Рағд» сүресі, 28-аят). Осылайша, жүректің орнығып тынышталуы — Алланың пендені еске алуында, ал жүректің дірілдеуі — пенденің Алланы еске алуында. Бұл жайында Алла Тағала: «Шын мәнінде, мүміндер — Алла еске алынғанда жүректері дірілдейтіндер...» — деп баяндайды («Әнфал» сүресі, 2-аят).
Зікір екі түрлі болады:
-
Таза зікір — жүректің үндестігімен, яғни назарды Алладан өзгенің бәрінен аударып, бетті тек Соған бұру арқылы жасалатын зікір.
-
Мөлдір, саф (әбден кемелденген) зікір — пенденің ниеті мен ішкі ынтасының өзі зікірдің шеңберінен асып, Оның дидары мен разылығында балқып еріп кететін күй.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Саған айтар мақтау мен мадақты санап тауыса алмаймын, Сен Өзіңді қалай мақтасаң, дәл сондайсың», — деп өсиет қалдырған.