Имам Ғазалидың «Арш» түсінігі
Имам Ғазалидың «Арш» түсінігі
3 жыл бұрын 4954
Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

Ислам ғылымын «мұхит» десек, Имам Ғазалиді теңіз деуге болады. Әр ғалым зерттеуші болуы мүмкін, бірақ әр ғалым интеллектуал бола бермейді. Имам Ғазали интеллектуал ғұлама еді. Оған "Исламның дәлелі" деген мағынада «Хужжәтуль Ислам» деген ат берілген.

Имам Ғазалиді онша танымайтындар, оны тек философ немесе сопы деп біледі. Бірақ олай емес. Ол (р.а.) Шафиғи мәзхабының саусақпен көрсетер фиқһ ғұламасы, усульші, Әшғари ақида мектебінің бетке ұстар ақида ғұламасы, Кәләмші-теолог, дін философы, Ислам этика ғылымының негізін қалаушы, сопылық жолының білгірі т.б. айта берсек көп. Және аталмыш салалардың әрқайсысына іргелі-негізді еңбектер жазып қалдырған. О заманда көп ғалымдар жазылған еңбектерді түсіндірумен айналысқан болса, бұл кісілер іргелі-негізді еңбектер жазған. Имам Ғазали жүзге жуық еңбек жазып қалдырған екен. Оның басым көпшілігі күнімізге дейін жеткен. Және мынаны да айта кетелік: Имам Ғазали философия саласын меңгерген маман болғанымен, ол ешқашан дінді философияның ығына жықтырмаған, керісінше философтарға қарсы дінді қорғау үшін философияны меңгерген.  

Бүгінгі жазбамызда Имам Ғазалидің сөзімен «Арш» аятын, дәлірек айтқанда «Рахман Аршқа истиуә етті» деген аятты қалай қабылдаған жөн, соны қысқаша айта кетелік.

Асылында, Имам Ғазали «Арш» мәселесін: Ғалымдар үшін және Ауам үшін деп екі түрлі түсіндіруді жөн көрген. (Ауам – діни білімі таяз мұсылмандар, қарапайым халық). Сондықтан да, егер кітаптарында «Арш» аятына жасаған терең талдауын кездестіріп жатсаңыздар, онысын ғалымдарға арнап жазғанын білгеніңіз жөн.

Оның айтуынша «ауам», яғни, қарапайым мұсылмандарға «Арш аятын» түсіндіргенде, мағынасына тереңдеместен, тек «тәшбиһті» (жаратылыстарға ұқсатуды) тудырар қате түсініктерден арылтып, «еш нәрсе Алла Тағалаға ұқсамайды» деген ережені мықтап ұғындыру керек. Олардың арасынан Арш аятының мағынасы жайында сұрайтындарға, ондай аяттарға бас қатырмауларын, ол нәрсе ғұламалардың еншісіндегі нәрсе екенін айтып, Имам Мәлік жауап бергендей жауап берген абзал дейді ғұлама. Ал ғұламалар болса, ондай аяттардың мән-мағынасын тереңірек біліп, түсінгендері жөн[1].  

Бүгінгі дәрісімізде, Имам Ғазалидің (оны Алла рахымына бөлесін) «Арш» аятына қатысты қарапайым мұсылмандардың білуі керек тәлімін беріп отырмыз. Ол өзінің «Ақида қағидаттары» (Қауаъидуль ъақоид) атты еңбегінде, «тәнзиһ» ережесін түсіндіру барысында былай деп өтеді:

وَأَنه مستوي على الْعَرْش على الْوَجْه الَّذِي قَالَه وبالمعنى الَّذِي أَرَادَهُ اسْتِوَاء منزهاً عَن المماسة والاستقرار والتمكن والحلول والانتقال لَا يحملهُ الْعَرْش بل الْعَرْش وَحَمَلته محمولون بلطف قدرته ومقهورون فِي قَبضته

«Шынында Алла Тағала өзі айтқан түрде әрі өзі қалаған мағынада «Аршқа» истиуа етті. Ол сондай истиуә - жанасудан және орнығудан, мекендеуден және енуден, әрі бір жерден, бір жерге ауысудан пәк болған истиуа. Және Арш Алла Тағаланы тасымалдамайды. Керісінше, арш та, оны (аршты) көтеріп жүретін періштелер де Алла Тағаланың құдірет лүтфімен тасымалданады, олар оның уысында (немесе тұтқасында) мойынсұнған күйде...»[2].

Имам Ғазали жоғарыдағы сөзінде: «өзі айтқан түрде әрі өзі қалаған мағынада...» деді. Яғни, аяттағы «истиуа» сөзіне мағына да, анықтама да, берместен, оның ақиқаттығына иман етіп, мағынасын Аллаға қалдыру керек деп отыр. Мұны «тәфуид» дейміз. Мағынасына үңілместен, иман ету. Астарындағы мағынасын Аллаға қалдыру. 

«Арш та, періштелер де тасымалданады...» деуінің мәні – Арштың өзін періштелер көтеріп жүр, ал періштелерге ондай күшті берген – Алла Тағала. Олай болса, олардың өздері тасымалдану үшін Алла Тағаланың құдіретіне мұқтаж.    

Сондай-ақ, қазіргі сәләфиттердің айтып жүргендері сияқты «истиуа» сөзін – «орнықты», «отырды», «белгіленді» деп түсінбеу керек екендігін ғалымның сөзінен түсіну қиын емес. Жанаспады да, аршқа орнықпады, бір жерден, екінші жерге ауысудан пәк. Ол «Арш» жаратылмай тұрғанда қандай болса, Аршты жаратқаннан кейін де өзгеріссіз, сол күйінше, дейді Имам Ғазали.

Әрі қарай Имам Ғазали: «Алла Тағала әр нәрсенің жоғарысында» деді. Алайда бұл «жоғарылық», сәләфиттердің сенетіндей «затымен жоғары тарапта» дегендік емес, яғни, Зати емес, басқаша айтқанда «Хиссии жоғарылық» емес, ол - «мағнауи жоғарылық». Яғни, дәрежесі жоғары деген ұғымда. Ол жайында ғалым былай дейді:

وَهُوَ فَوْقَ الْعَرْشِ وَالسَّمَاءِ وَفَوْقَ كُلِّ شَيْءٍ إِلَى تُخُومِ الثَّرَى فَوْقِيَّةً لَا تَزِيدُهُ قُرْبًا إِلَى الْعَرْشِ وَالسَّمَاءِ كَمَا لَا تَزِيدُهُ بُعْدًا عَنِ الْأَرْضِ وَالثَّرَى بَلْ هُوَ رَفِيعُ الدَّرَجَاتِ عَنِ الْعَرْشِ وَالسَّمَاءِ كَمَا أَنَّهُ رَفِيعُ الدَّرَجَاتِ عَنِ الْأَرْضِ وَالثَّرَى وَهُوَ مَعَ ذَلِكَ قَرِيبٌ مِنْ كُلِّ مَوْجُودٍ وَهُوَ أَقْرَبُ إِلَى الْعَبْدِ من حبل الوريد وهو على كل شيء شهيد

«Ол (Алла) Арштың да, аспанның да жоғарысында, және де, жер түбіне дейінгі барлық нәрсенің жоғарысында. Ол сондай жоғарылық, Алланың арш пен аспанға жақындығын және Оның жер мен жер түбінен алыстығын арттырмайтын жоғарылық (яғни, алыс-жақын деген ұғымдағы жоғарылық емес). Дұрысын айтқанда, Арш пен аспаннан Алла Тағаланың дәрежесі жоғары, сондай-ақ, Оның жер мен жер түбінен дәрежесі жоғары. Олай болуымен қатар, ол барлық жаратылыстарға жақын («Бақара» 186 аят). (Яғни, барлық жаратылыстың жағдаяттарынан хабардар). Ол пендеге күре тамырынан да жақын. Ол барлық нәрсеге куә...»[3].

Демек, Алла Тағала бәрінен жоғары, бірақ оның жоғарылығы «төбеде бір жерде» дегенді немесе «жоғарғы тұста орналасқан» дегенді емес, дәрежесінің барлық нәрседен жоғары екендігін білдіреді.

Сондай-ақ, Ол барлық нәрсеге жақын. Алайда, Оның жақындығы физикалық тұрғыда емес. Ол жайында да ғұлама былай деп өтеді:

إِذْ لَا يُمَاثِلُ قُرْبُهُ قُرْبَ الْأَجْسَامِ كَمَا لَا تُمَاثِلُ ذَاتُهُ ذَاتَ الْأَجْسَامِ

«Оның Заты денелердің затына ұқсамайтыны секілді, оның жақындығы да денелердің жақындығы сияқты емес»[4].

Имам Ғазалиден бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген Имам Мәтуридидің де бұл мәселеге қатысты ұстанымы – осының аржақ-бержағы деп сенімді түрде айта аламыз. Негізінде Әшғари сенім мектебі мен Мәтуриди сенім мектебі арасында кейбір мәселелерде екі удайлық байқалса да, жалпы алғанда, іргелі-негізді сенім мәселелерінде екеуі де бір нәрсені айтады.

Осымен, Арш мәселесіне қатысты білуіміз керек ережені Имам Ғазалидің сөзімен жеткізген болдық. Әйтсе де, Имамның Арш тақырыбы төңірегінде тереңірек талдау жасағаны да жоқ емес. Ол жайында және жалпы «тәнзиһ» ережесі төңірегінде түзген қағидаттарын толығырақ «Қауаъидуль Ъақоид», «Ихя улумиддин», «Иқтисад филь Иътиқад» сынды еңбектерінен оқып білуге болады.   

Уа ахиру даъуанә әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин!


[1] Имам Ғазали: «Иқтисад филь Иътиқад».
[2] Имам Ғазали: Қауаъидуль Ъақоид; "Ихя улумиддин".
[3] Имам Ғазали: Қауаъидуль Ъақоид; "Ихя улумиддин".
[4] Имам Ғазали: Қауаъидуль Ъақоид; "Ихя улумиддин".

0 пікір